06 қаз, 2021 сағат 21:58

Дәрігерлерге коронавирус үстемеқысын төлеу неге тоқтатылды?


Денсаулық сақтау министрлігі COVID-19-бен байланысты үстемақы алып тастау ерте қабылданған шара деп санамай ма? Бұл сұраққа ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Сіз COVID-19-бен байланысты үстеме төлемдерді алып тастау ерте қабылданған шара деп санамайсыз ба? Өйткені стационарда ем алып жатқандардың саны әлі азая қойған жоқ қой» - деп сұрады журналист ОКҚ өткен баспасөз мәслихатында.

«Қосымша төлемдер туралы шешім инфекцияның бастапқы кезеңінде мүлдем түсініксіз болған кезде қабылданды. Негізінен бұл елдегі төтенше жағдай жарияланған кезде қабылданды. Бұл кезең былтыр өтті. Бірақ бұған қарамастан, мемлекет төлем мерзімін ұзартып отырды. Бізде сол кезде жеке қорғаныс құралдары жетіспеді, дәрі-дәрмектер тапшы болды, жаңа жабдықтармен, ауруханалармен, ауаны тазарту жүйелерімен проблемалар болды. Осының бәрін біз салдық. Өңірлерде жедел жәрдем қызметін жабдықтап, дәрі-дәрмектерге қажеттілікті толық қамтамасыз етті. Ең бастысы – біз барлық медицина қызметкерлерін вакциналадық. Олардың 99%-ы вакциналанған. Яғни, қазір олар қорғалған. Медицина қызметкерлерінің қандай да бір қорғаныс мүмкіндігі бар. Ол кезде ешқандай мүмкіндік болмады және вакцина болмады. Бұл теңдесі жоқ қолдау. Бірақ Мемлекет басшысы мемлекеттің мүмкіндіктері түпсіз емес екенін және ынталандырудың өзге де тәсілдері қажет екенін атап өтті», - деп түсіндірді министр. 

Ол, сондай-ақ, дәрігерлердің жалақысы пандемия өршіп тұрған кездегідей болмағанымен, қазіргі мөлшері тұрақты ақталатынын атады. 

«Агрессивті жағдайда жұмыс істейтін барлық медицина қызметкерлері қосымша ақы алады. Олардың айлығы салада біздің әріптестерімізге қарағанда жоғары болады. Белгілі бір коэффициенттер болады. Бізде қалыптасқан тәсілдер бар. Мәселен, болашақта медицина қызметкерлерінің жалақысы 2,5 есеге артады. Дәрігерлердің жалақысының жалпы деңгейі орташа есеппен 500 мыңға жетеді. Бұл кезең-кезеңімен жүргізіледі және жыл сайын біз жалақыны 30%-дан көтереміз», - деді Алексей Цой. 

Ведомство басшысы дәрігерлердің жалақысын уақтылы индекстеу ұсынылатынын атады.

«Яғни, қауіпті аймақтарда жұмыс істейтін дәрігерлер бізде осы салада жұмыс істейтін дәрігерлердің орташа жалақысынан жоғары болады. Бұл тұрақты шара. Біз қазір бір жыл бұрынғыдан гөрі вируспен күреске дайынбыз, жаңа кадрларды дайындадық», - деді Денсаулық сақтау министрі.