«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасы Болат Төкежанов COVID-19 және вирустық пневмониямен күресте эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің жалақысына қосымша төленетін үстемеақы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Әлеуметтік төлемдерді ай сайын Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры төлейді.
«Қордың медицина қызметкерлері алдындағы барлық міндеттемелерді толық және уақтылы орындалатынын атап өткім келеді. Биыл наурыз-тамыз айы аралығында 73,7 млрд теңге көлемінде үстемақы төленді. Қыркүйектің қорытындысы бойынша 40 мыңнан астам медицина қызметкері 10,1 млрд теңге көлемінде үстемақы алады. Қазір өңірлік комиссиялар үстемақы алушылардың тізімін жасақтауда. Тізім дайын болғаннан кейін Қор ай сайынғы қосымша ақы төлеуге кіріседі. Бұл жұмысты 15 қазанға дейін аяқтауды жоспарланып отыр», - деді Төкежанов Орталық коммуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, инфекция тараған қауіпті жағдайда жұмыс істеген медицина қызметкерлерінің саны эпидемиологиялық жағдайға байланысты ай сайын өзгеріп отырады. Егер наурызда коронавирусқа қарсы жұмыс істеуге 19 мың медицина қызметкері тартылса, шілдеде олардың саны 79 мыңға жетті.
Тәуекел тобына қарай медицина қызметкерлері 212 мың теңгеден 850 мың теңгеге дейін қосымша ақы алады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы COVID-19-ға қарсы күрес аясында эпидемияға қарсы іс-шараға тартылған денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлеріне осы жылдың екінші жарты жылдығында ынталандыру ретінде үстемақы төлеуге 150 млрд теңге бөлуді тапсырды.
Қор жыл соңына дейін медицина қызметкерлеріне үстемақы төлеу үшін қажетті қаржының болжамды есебін жүргізді, шамамен 135 млрд теңге қажет.
Бұған дейін хабарланғандай, ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев медицина қызметкерлеріне төлем жасау мәселесіне қатысты түсінік берді.