04 қар, 2022 сағат 15:02

Дәрігерлер шахтада зардап шеккен 4 кеншінің жағдайы туралы айтты

Сурет ашық дереккөзден алынды

Қарағанды қаласының Х.Ж.Мақажанов атындағы көпсалалы аурухананың дәрігерлері Ленин атындағы шахтадағы апат кезінде зардап шеккен төрт кеншінің жағдайы жайлы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Олардың екеуі «улы газбен уланған» деген диагнозбен токсикология бөлімшесінде жатыр. Тағы екеуі Шахтинск қаласынан Қарағандыдағы ауруханаға санавиациямен жеткізіліп, ота жасалды. Оларда газбен уланудан бөлек бас жарақаттары анықталды.

«Токсикология бөлімшесіндегі пациенттердің жағдайы тұрақты. Белгілі бір оң динамика байқалады. Санавиация желісі бойынша жеткізілген және операция жасалған пациенттердің жағдайына келетін болсақ, бүгінгі күні оларда да оң динамика байқалады. Олар реанимация бөлімінде. Науқастар есін біледі, өкпені жасанды желдету аппаратынан алынды. Қазіргі уақытта жағдайлары тұрақты-ауыр», - деп түсіндірді профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы аурухана директорының медициналық бөлім бойынша орынбасары Талғат Жүкен.

Естеріңізге сала кетейік, кеше түнде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің Ленин атындағы шахтасында апат болып, салдарынан 5 кенші қаза тапты.

ТЖ фактісі бойынша ҚР ҚК 277-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.