Коронавирусқа қарсы күрескен дәрігерлер халықтан той-томалақты тоқтата тұруды өтінді. Ақ халатты абзал жандардың атынан бұл үндеуді халыққа Нұр-Сұлтан қаласындағы дәрігер-инфекционисі Құралай Мырамытова жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Коронавирус инфекциясының алғашқы толқыны кезінде бәріміз бір кісідей жұмылып, індетке қарсы күрес жүргіздік. Сол кезде мен және менің әріптестерімнің жасаған еңбектері зая кетпеуі үшін сіздерден сұрайтынымыз: сақтық шараларын ұмытпай, маска киіп, болып жатқан той-томалақтардан, мерекелерден алшақ болсаңыздар дейміз. Ондай жерлерге бармай, болмаса кейінге шегеруді сұраймыз. Егер сіз болып, біз болып осы шаралардың бәрін сақтасақ, онда осы аурудан құтыламыз. Аман болыңыздар!», - деді видеоүндеуде дәрігер-инфекционист.
Айта кетсек, Қазақстанда пандемия басталғалы 109 508 адам коронавирус жұқтырып, оның 105030-ы жазылып шықты. Өкінішке қарай індеттен 1768 адам көз жұмды.