04 қыр, 2018 сағат 11:02

Жарты жылда 9 миллионнан астам адам алғашқы медициналық-санитарлық көмек алды - Біртанов

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алғашқы медициналық-санитариялық көмектің сапасын жетілдіру бойынша қабылданып жатқан шаралар мәселесі қаралды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады,  деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz порталына сілтеме жасап.

«100 нақты қадам» ұлт жоспарында алғашқы медициналық көмек аурулардың алдын алу және онымен ерте күресу үшін ұлттық денсаулық сақтау саласының орталық буыны болады деп көзделген. Соған байланысты, Денсаулық сақтау министрлігі «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында алғашқы медициналық-санитариялық көмекті (АМСК) жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізуде.

Министр Е. Біртанов Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының анықтамасына сәйкес АМСК — жекелеген адамдардың, отбасының және қауымның ұлттық денсаулық сақтау жүйесімен байланысының бірінші деңгейі болып табылады және тиісінше АМСК адамдардың тұратын жері мен жұмыс істейтін орнына барынша жақын болуы тиіс екенін атап өтті.

Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің негізгі функциялары:

  • сауықтыру мен профилактика;
  • ауруларды ерте анықтау;
  • медициналық көмек көрсету;
  • созылмалы ауруларды бақылау.

Қазіргі таңда, Қазақстанда АМСК көрсететін 524 медицина ұйымы бар, олардың 29% — жекеменшік ұйымдар. АМСК ұйымдарында 10 216 учаске бар, оның 60%-дан астамы жалпы практика дәрігерлерінің учаскелері (6205), 20% — педиатриялық учаскелер (2041), 18% — терапиялық учаскелер (1880).

Министр дәрігерлер жүктемесінің көлеміне назар аударды. Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, Қазақстанда АМСК көрсететін бір дәрігерге бекітілген халықтың саны 1950 адамды құрайды, бұл ЭЫДҰ елдерінің көрсеткіштерінен жоғары (1500 адам). Е. Біртановтың айтуынша, бекітілген халықтың саны бойынша мақсатты көрсеткішке қол жеткізу мақсатында алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында қосымша 1 531 учаске ашу қажет.

«Бекітілген халық санының төмендеуі дәрігер жүктемесінің азаюына әкеледі, халықты профилактикалық тексерумен қамту деңгейі жақсарады. Мәселен, 2017 жылы алғашқы медициналық-санитарлық көмектің 1 дәрігеріне шаққанда халықтың саны 90 адамға дейін төмендегені халықтың профилактикалық мақсатта қаралуын 18%-ға немесе 2 миллион адамға көбеюіне алып келді», — деді Е. Біртанов.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттарына сәйкес, 2018 жылдың 6 айында алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына 9 миллионнан астам адам жүгінген. АМСК ұйымдарындағы консультациялық-диагностикалық қызметтерді талдау еліміздің тұрғындарының хирург, офтальмолог, невропатолог, отоларинголог, акушер-гинеколог секілді бейінді мамандардың қызметтерін аса қажет ететінін көрсетті. Бұл мамандарға жүгінген 5 миллионнан астам тұрғындар қызмет түрлерін алды. 

Е. Біртанов кадрлық әлеует туралы айта отырып, денсаулық сақтау жүйесінде бейінді дәрігерлердің жеткілікті мөлшері бар екенін, дәрігерлік кадрлармен қамтамасыз ету 10 мың халыққа шаққанда 31,2 көрсеткішті құрайтынын, бұл ЭЫДҰ елдеріндегі көрсеткішке сәйкес келетінін (33) айтып өтті.

Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің құрылымында АМСК-ті қаржыландыру үлесі 43%-ды құрады. Алғашқы медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 2018 жылы кешенді жан басына шаққандағы нормативтен, ынталандырушы бөлігінен, қымбат консультациялық-диагностикалық қызметтерден (стоматология, КТ, МРТ, ПТР және басқалар), амбулаториялық дәрілік қамтамасыз ету шығыстарынан және онкологиялық ауруларға скринингтерден тұрады.

Сондай-ақ, Е. Біртанов алғашқы медициналық көмектің қызметіне қолжетімділік пен сапасына, медицина қадрларымен қамтамасыз ету және олардың біліктілігі, консультациялық-диагностикалық қызметтерді жетілдіру, АМСК инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде МЖӘ жобаларын енгізу арқылы АМСК шағын орталықтарын құру шараларын туралы баяндады. 2020 жылға қарай осы бағытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестіктің 60 жобасын іске асыру жоспарлануда. 

Осы бағыт аясында «Үй жанындағы дәрігер» жобасын іске асыру бойынша Астана қаласы әкімдігінің оң тәжірибесін атап өту қажет. Қазіргі уақытта Астана қаласында жоба шеңберінде осындай үш АМСК орталығы жұмыс істейді. Бұдан басқа, 2016 жылы Астана қаласының №8 емхана базасында алғашқы медициналық көмек дәрігерлерінің практикасын құру жобасы іске асырылған болатын, онда дәрігерлер топтық практиканың құрылтайшылары болып айқындалды. Жобаны іске асыру нәтижесінде консультациялық-диагностикалық қызметтерді тұтыну 33%-ға төмендеді, дәрігерлер мен мейіргерлердің жалақысы 2 есеге ұлғайды, медициналық қызмет сапасының индикаторлары 1,5 есеге жақсарды. Министрлік осы бағытта жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр. Қор арқылы жекеменшік, дербес және топтық дәрігерлер практикасына одан әрі қолдау көрсетілетін болады.

Алғашқы медициналық көмек мамандарының құзыретін арттыру бойынша бірінші бағыттың шеңберінде бейінді дәрігерлердің өкілеттіктерін беруді ескере отырып, алғашқы медициналық көмек мамандарының функциясын кеңейтуді енгізу және отбасылық дәрігерлерді дипломнан кейінгі оқыту стандарттарын енгізу жоспарлануда.

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына сәйкес Министрлік ағымдағы жылғы мамырда бір мезгілде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізе отырып, мемлекет міндеттемелерінің нақты шекаралары көрсетілген Тегін медициналық көмек көлемінің жаңа моделін әзірледі және енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. 

Тегін медициналық көмек көлемінің пакеті бүкіл халық үшін ең төмен әлеуметтік стандарт болады және негізгі, оның ішінде әлеуметтік мәні бар аурулар кезінде алғашқы медициналық көмекті, шұғыл медициналық көмекті, консультациялық-диагностикалық қызметтерді, тегін дәрімен қамтамасыз етуді, жоспарлы стационарлық көмекті қамтитын болады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті тегін медициналық көмектен тыс қызметтерді қамтитын болады: жоспарлы стационарлық көмек, қымбат тұратын диагностикалық қызметтер мен тегін медициналық көмек пакетіне кірмеген аурулар бойынша дәрілік қамтамасыз ету.

Бұдан өзге, Тегін медициналық көмек көлемінің жаңа моделі шеңберінде негізгі аурулардың 30 тобы бойынша сәйкес тарифтер мен белгіленген қызметтердің тізбесін кезең-кезеңмен қамтамасыз ете отырып, консультациялық-диагностикалық қызметтердің көлемін нақты айқындау жоспарлануда. 

Е. Біртанов тегін медициналық көмектің жаңа моделін енгізу аясында әлеуметтік мәні бар ауруларды қоса алғанда аурулардың 262 тобынан тұратын диспансерлеуді аурулардың 30 тобынан тұратын басқару бағдарламасына трансформациялауды жалғастыру ұсынады, бұл шамамен 70% өлімді, 80% сырқаттанушылықты, сондай-ақ халықтың өмір сүру ұзақтығын айқындайтын негізгі ауруларды бақылауды қамтамасыз етеді. Бұл ретте, емделушіні өз ауруын басқаруға белсенді тарту, бірлескен тексеруді енгізу, мобильдік қосымшаларды пайдалану жоспарлануда.

Осы жылы алғашқы медициналық-санитариялық көмекті цифрландыру аясында барлық медициналық ақпараттық жүйелерді кезең-кезеңмен біріктіруге және ел халқының электрондық денсаулық паспорттарының бірыңғай банкін іске қосуға мүмкіндік беретін интероперабильдік платформасын іске қосу жоспарланып отыр. Е. Біртанов осы мақсатта 2020 жылдың соңына дейін ел халқы электрондық денсаулық паспорттарымен 100% қамтамасыз етілетінін атап өтті.

Жаңа әзірленіп жатқан денсаулық туралы кодекстің аясында бірінші кезекте халыққа амбулаториялық-емханалық көмекті тиімді ұйымдастыруды қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі күшейтілетін болады. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі лицензиядан кейінгі бақылау, кадрлық қамтамасыз ету және медициналық мекемелердің меншік нысанына қарамастан стандарттарға сәйкес болуын бақылау жағынан да күшейтілетін болады. 

АМСК сапасын жақсарту бойынша қабылданған шаралар мыналарға жол ашады:

  1. алғашқы медициналық көмек ұйымдарында медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру. 2019 жылы алғашқы медициналық көмек дәрігерлерінің қабылдауына бару саны 30%-ға өседі.
  2. сапаны арттырудың экономикалық тұрғыдан ынталандыру факторларын құру. 2020 жылға қарай еліміз бойынша орташа жалақыға арақатынаста дәрігерлердің орташа жалақысы 110% (қазірдің өзінде 85%) жетеді.
  3. кадрлармен толықтыруды қамтамасыз етеді, медицина қызметкерлерінің құзыреті мен ынталандыру шараларын арттырады. 2020 жылға қарай АМСК 1 дәрігеріне бекітілген халықтың санын 1 700 дейін төмендетеді.
  4. медициналық қызмет көрсету сапасын мемлекеттік бақылау тиімділігін жоғарылатады. 2021 жылға қарай Тегін медициналық көмектің жалпы көлемінде АМСК қаржыландыру үлесі 50%-ға дейін ұлғайтады.

Отырыс барысында Алматы облысының әкімі А. Баталов, Қостанай облысының әкімі А. Мұхамбетов, Қарағанды облысының әкімі Е. Қошанов, сондай-ақ, Астана қаласының әкімі Ә. Исекешев баяндама жасады.