08 қаз, 2020 сағат 15:57

Дәрігерлер эфирде қандай да бір препараттардың атауын жариялағанға қарсымын - Махаббат Бекбосынова

«Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Махаббат Бекбосынова коронавирусқа қарсы дәрілік препараттарды тек дәрігерлер тағайындауы керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Онлайн режимде өткен баспасөз мәслихатында індет таралған кезде клиникалық хаттамаларға антикоагулянттар енгізілгенін, алайда ел халқы осы препараттарды дәріханалардан жаппай сатып алуға талпынғаны айтылды. «Препараттарды ешбір жүйесіз түрде алудың салдары қандай болады?», - деп сұрады тілшілер. 

«Дәрігерлер эфирде қандай да бір препараттардың атауын жариялағанға қарсымын. Себебі мұны халық дұрыс қабылдамайтын жағдайлар кездеседі. Біздің сұхбаттарымызды тыңдап алып, адамдар дәріханаға барып, препараттарды сатып алады. Жалпы, дәрілік препараттар тек рецепт бойынша сатылуы керек. Әрине, маусым-шілде айларында объективті жағдай болды, сол кезде адамдар жақындарының денсаулығы үшін жан-жақтан дәрі іздеді. Жаз кезінде препараттардың тапшылығы сезілген еді. Дегенмен, кез келген дәрілік препараттар тек дәрігердің рұқсатымен берілгені дұрыс», - деді М. Бекбосынова. 

Оның сөзіне қарағанда, коронавирустан емдеу кезінде қанды сұйылтатын препараттардың түрлі санаттары бар. 

«Науқас аспириннің үстіне антикоагулянттарды қабылдаған және бұл жағдайда адамдар медициналық нұсқауларды ескермеген. Осы орайда бізге қан тоқтамаудың түрлі жағдайымен пациенттер келіп жатты. Адамдар медициналық мекемеге жүгінген кезде, осының салдарын түзеуге болатынын айтқым келеді. Егер бұл препараттарды ешбір қадағалаусыз қабылдай берсе, онда өлім жағдайына да алып келуі мүмкін», - деді дәрігер.