29 шіл, 2020 сағат 15:25

Дәрігер Манар Смағұл карантинді ұзартудың пайдасы туралы айтты

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығына қарасты «Санитария-эпидемиология сараптама және мониторинг ғылыми-практикалық орталығы» филиалының инфекциялық және паразиттік аурулар басқармасының басшысы Манар Смағұл карантинді ұзарту туралы шешімге қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінгі таңда коронавирус инфекциясына қарсы нақты алдын алу шарасы жоқ (вакцинация сияқты), сондықтан барлық алдын алу шаралары таралу механизмін бұзуға бағытталуы керек. Карантиннің негізгі мақсаты – инфекцияның таралуын болдырмау. Инфекция ауа тамшылары арқылы, яғни адам жөтелгенде, түшкіргенде немесе сөйлегенде берілетіндіктен инфекцияны таратушы да адам», - деді Манар Смағұл телефон арқылы «ҚазАқпарат» тілшісіне. 

Оның айтуынша, біздің айналамызда науқастанған адам пайда болса, жалғыз механизм – қарапайым алдын алу ережелерін сақтау. 

«Яғни, әлеуметтік қашықтықты сақтау және маска тағу. Шаралардың тағы бірі – карантин. Байланысқан адамдарды оқшаулау қажет. Себебі індетті таратуы мүмкін ең қауіпті топ – науқаспен байланыста болғандар», - деп атап өтті спикер. 

«Коронавирус өршіп кеткен жағдайда инфекцияның таралуының алдын алатын жалғыз шара – карантин. Ол инфекцияның адамнан адамға берілмеуіне көмектеседі», - деп толықтырды М.Смағұл.