10 қаз, 2024 сағат 11:18

Балалар велосипед армандаса, мен баян сатып алуды армандап өстім — Ибрагим Дәрібаев


Дәрібаевтар отбасылық ансамблінің негізін қалаушы Ибрагим Дәрібаев 65 жасында дүниеден озғаны хабарланды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары құрылған Дәрібаевтар ансамблі аумалы-төкпелі заманда халықтың жанына медеу болып, той-думанда қазақ әндеріне жаңа леп әкелген еді. Ult.kz Ибрагим Дәрібаевтың БАҚ беттеріне берген сұхбаттарына үңілді.

Балалық шағы туралы

Анам Ақбастауда мектеп директоры болатын. Содан жазда мектептегі бүкіл аспаптарды үйге әкеп қоятын. Баян, аккордеон, гитара, мандалин болатын, бәрін тартып көретінмін. 7-сынып оқып жүргенде вокалды аспаптар ансамбліне қабылдандым, сол кезде бас гитара - бір, соло гитара - бір, барабан бар, орган болатынын білдім. Репетиция кезінде ананы бір түртеміз, мынаны бір түртіп, сөйтіп жүріп үйрендік. 

Бала кезіміз 60-70 жылдарға тура келді. Ауылда тұрмыстық жағдай онша болмады. Бірақ баян әперсе деп армандайтынмын. Сыныптастарым велосипед армандаса, мен баянды армандайтынмын. Баян 120 сом тұрады, оған әке-шешемнің әперуге жағдайы жоқ. Ауылдың төмен жағында Ағабек деген ағам болатын Мәдениет институтында оқитын. Сол кісі үйінде болмағанда апамыздан баянын сұрап алып, сол кісілердің есігінін алдында ойнап үйренетінмін. Қазір 8 аспапта ойнаймын.


Әйелімен таныстығы туралы

Қылшылдап тұрған жас кезім. Cол жылдары бірнеше вокалды-аспапты ансамбльдер құруға ұйытқы болғаныммен, бірінен кейін бірі сәтсіздіктерге ұласып, тарап тынды. «Жығылған күреске тоймасы» белгілі.  Жастық жігерімді жасытпай тағы да тәуекелге бел буып, Шымкент қаласындағы Фосфоршылар мәдениет үйі аясында «Рауан» атты вокалды-аспапты ансамбльдің негізін қаладым. Жаңа ансамбльге талантты әнші қыз-жігіттерді іздестіріп жатқанымызды жан-жақтан естігендердің талайы бақтарын сынап көрді. Соның бірі жұмыс іздеп келіп жұбайыма айналған Әлия еді.

Қазақтың қарапайым қызы Әлия мені жібектей мінезімен, тұрақтылығымен, әсем дауысымен бірден баурап алды. Жастықтың жалынымен өліп-өшіп өртеніп кете жаздап ғашық болдым. «София Ротарудың күйеуі ансамбльдің жетекшісі ғой. Маған тұрмысқа шықсаң Ротаруға ұқсап құдай қосқан жарыңмен бір ансамбльде ән шырқап жүресің»,- деп қалжыңдап, сезімімді білдіріп жүрдім. Өмір болған соң өнерді дамытуда әр алуан қиыншылықтардың кездесетіні заңды. «Рауан» ансамбльінің құрамындағы қыз-жігіттердің көбісі соған төзімділік танытпай уақыт өте келе жан-жаққа шашырап кетті. Сондай сын сағатта жанымда Әлия ғана тұрақтап қалды. Оған «өмірдің қиыншылықтарын да, қуаныштарын да бірге көрейік» деп сөз салдым. Ағасына жолығып, екеуміз өмірлік серік болуға сөз байласқанымызды айтқанда «қазақтың салтымен қызды ұзатайық» деді. Оны күтетін мен бе, қыз ұзату салты ұзақ мерзімге созылып кететіндіктен айлаға көштім. Сөйтіп сол кезеңдерде жігіттердің мерекесі саналатын 23 ақпан күні  (Совет армиясы күні) сүйген қызымды алып қаштым. «Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі журналист Өскенбай Әмзеев ағамыздың «Волгасымен» ауылға келіншек әкелдік, думандатып беташар той жасадық.  Ауылдағы құрдастарымның арасында  алғашқы  болып отау тіктім.  Бұл 1980 жылы КСРО тарихындағы Олимпиада ойындары өткен ерекше жыл еді.


Дәрібаевтар ансамблі мен балалары туралы

Қанша ансамль құрсам да, әншілер мен музыканттар тарап кетіп жатты. Қыздар тұрмысқа шығып кетеді, жігіттер әскерге кетеді. Сөйтіп жүргенде өз отбасыммен ансамбль құруды шештім. Ол кезде Ресейде "Группа Стаса Намина" деген топ болатын. "Ибрагим" тобы дейін десем, халық қабылдамайтын сияқты көрінді. Сол кездері Шымкентте отбасылық ансамльдер конкурсы болатын. Соған Дәрібаевтар ансамблі деп бір жылдай дайындалып жүріп, қатысып, жеңімпаз атандық.  Осылайша, әйелім Әлия екеуміз ансамльді бастап кеттік. Басында інілерім де топ мүшесі болатын.

Үлкен ұлым Сәкен ата-әжесінің баласы болып өсті. Одан кейін Меруерт пен Гүлден дүниеге келді. Біраз жылдан соң Айя қызымыз жарық дүние есігін ашты. 


Ұжымдағы жұмыс туралы

Біз тек отбасы ғана емес, үлкен шығармашылық ұжымбыз. Біздің бір мақсатта еңбек етіп, ауызбіршілігіміздің ажырамауы осы ұжымдық тәртіпте жатыр. Ай сайын отбасымды, ұжымымды жинап жиналыс өткізіп тұрамын. Кімнің қандай ойы бар, шығармашылық идеясы бар. Барлығын ортаға салып, талқылап отырамыз. Мен балаларымнан сыртта маған жетекші ретінде қарауын талап етіп, қатаңырақ болсам, үйде барынша мейірімді болуға тырысамын.