Фото: РБК
Мексикалық Фатима Бош Таиландта өткен «Ғалам аруы – 2025» байқауында жеңімпаз атанды. Бұл – Мексиканың осы байқаудағы төртінші жеңісі. Оған тәжді былтырғы жеңімпаз, даниялық Виктория Тейлвиг табыстады, деп хабарлайды Ult.kz.
Финал қарсаңында Боштың жеңісі дауға қалған еді: шоу вице-президенті оның намысына тиетін сөз айтып, «ақымақ» деп қорлап, фотосессиядан қуып жіберген. Қатысушылардың наразылығынан кейін ұйымдастырушы қызметінен шеттетілді.
Жеңістен кейін Фатима Бош титулын қыз-келіншектерді шабыттандыруға қолданатынын айтты:
«Қай жерде қараңғылық болса – сол жерге жарық алып барғым келеді. Қыздар мен әйелдерге өз-өзіне сенуге, өзінің қазірдің өзінде жеткілікті жақсы екенін түсінуге шабыт бергім келеді», – деді ол.
Байқау финалистері:
-
1-вице-мисс – Правинар Сингх (Таиланд)
-
2-вице-мисс – Стефани Абасали (Венесуэла)
-
3-вице-мисс – Ахтиса Манало (Филиппины)
-
4-вице-мисс – Оливия Яце (Кот-д’Ивуар)
Байқауға 120 елден қатысушы келіп, финалға 30 ару өтті.
Қазақстан атынан Қостанайдың 20 жастағы тұрғыны, PR және медиа мамандығының студенті, модель Дана Алмасова қатысқан еді. Дана өз өнерін шынайы әрі жарқын көрсеткеніне қарамастан, Қазақстан топ-30 финалистер қатарына енген жоқ.
Фото: ашық дереккөз
25 жастағы Фатима Бош – сән және киім дизайны бойынша жоғары білімді. Ол Мексика, Италия және АҚШ-та білім алған. Бос уақытында атқа міну, теннис, музыка, кітап оқу және сурет салумен айналысады. Бала кезінен дислексия және СДВГ диагнозы болса да, бұл оған сұлулық индустриясында мансап құруға кедергі болмаған. 2018 жылы «Алтын раушан» байқауында топ жарып, өнер жолын бастаған. Қазір оның Instagram-да бір миллионға жуық, TikTok-та 690 мыңнан астам жазылушысы бар.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Қырғызстан қатысушысы Мэри Кувакованың ұлттық костюмі қызу талқыланған еді. Ол сахнаға қырғыз мәдениетінің басты рәміздерінің бірі – бүркіт бейнесінде шыққан.
Фото: видеодан скриншот
