10 қар, 2020 сағат 10:25

Дәрі-дәрмек рецептерін жазып берудің қағидасына өзгерістер енгізілді

ҚР ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрлыбек Асылбеков дәрі-дәрмекке рецептіні электронды нұсқада жазуға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жазғы карантин кезінде азаматтар рецепт жазып, дәрі-дәрмек алу проблемасына тап болғанын білесіздер. Осыны ескере отырып, министрлік тарапынан рецептерді жазып беру әрі есепке алу қағидаларын жаңадан бекітіп, соған жаңа қосымшалар енгізді. Бұл 7 қарашадан бастап күшіне енді», - деді Н. Асылбеков Орталық коммуникациялар қызметінде. 

Оның айтуынша, аталған қағидада төтенше жағдай, шектеу шаралары, оның ішінде карантин кезеңінде рецепті қағаз түрінде жазуға мүмкін болмаған жағдайда, электронды түрде рецепт жазуға пациенттің және дәрігердің аты-жөнін, сондай-ақ электронды байланыс құралдарын пайдалана отырып, дәрігердің жұмыс орнын көрсету арқылы электронды нұсқада тағайындауға жол беріледі. 

«Осы орайда рецептінің уақытылы жазылмай қалуына жол берілмей, дәрі-дәрмекті дер кезінде алуға мүмкіндік жасайды», - деп толықтырды ведомство өкілі.