Дәрілік заттар бағасын негізсіз көтерудің 200-ге жуық фактісі анықталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дәрі-дәрмектерді алыпсатарлық жағдайларын жою мақсатында еліміздің барлық өңірлерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі, «Адалдық алаңы» жобалық кеңселері, арнайы мониторингтік топтар, сондай-ақ азаматтық белсенділерінен жұмыс топтары құрылды. Аталған жұмыс топтары әлеуметтік желілерге және сайттарға тапшы дәрілік заттарды сату және бағаны көтеру бойынша хабарламаларға, ауруханаларда халық үшін жасалған жағдайларға қоғамдық мониторинг жүргізуде, сондай-ақ дәрі-дәрмекті сақтау және сату орындарына мониторинг жүргізуде. Халықпен кері байланыс орнату үшін 8 702 000 2494 WhatsApp нөмері жұмыс істейді. Оған дәрілік заттардың бағасын көтеру фактілері бойынша азаматтардаң 4500-ден астам өтініштері келіп түскен», - деді ол агенттіктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифинг барсында.
Оның атап өтуінше, жұмыс топтары 1555 дәріханаларға, 102 дәрі қоймаларына, 103 аурухана мен емханаға барды. Нәтижесінде 200-ге жуық бұзушылық анықталды.
«Негізгі бұзушылықтардың бірі - дәрілік заттардың бағасын көтеру. Денсаулық сақтау министрлігі жылына екі рет дәрілердің шекті сату бағаларын бекітеді. Дәріні шекті бағадан асырып сату бұзушылық болып табылады. Жақында жыл соңына дейін әрекет ететін дәрі-дәрмектің жаңа шекті бағасы бекітілді. Азаматтар олармен dari.kz мобильді қосымшасының көмегімен таныса алады. Кез келген азамат бағаны көтеру фактісін анықтаған жағдайда, сол қосымша арқылы шағым жібере алады», - деді Ғанижан Асанұлы.