17 нау, 2020 сағат 12:13

Дәленов уақытша жабылған нысандарды қолдау шаралары туралы айтып берді

Ұлттық экономика министрі Р. Дәленов ҚР Үкіметінде өткен брифингте Мемлекет қызметінің тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары туралы Президент Жарлығына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Жарлыққа сәйкес ҚР Үкіметіне салық төлеушілердің санаттарын, салық мөлшерлемелерін және салық салу тәртібін анықтау тапсырылды. Р. Дәленов атап өткендей, Ұлттық экономика министрлігі ұсыныстар әзірледі.

«Ірі сауда нысандарын, кинотеатрларды, театрларды, көрмелерді, спорт нысандарын қолдау үшін салықтық ынталандыру беру ұсынылады. Бұл – заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді мүлік салығынан бір жылға босату, бір тоқсан ішінде салық берешегі бойынша өсімпұлды есептеуді тоқтата тұру және салық есептілігі мен есеп айырысуларды беру мерзімін үшінші тоқсанға ауыстыру», — деді министр.

Ұсынылып отырған шараларды Мемлекет басшысымен келіскеннен кейін Үкімет жақын арада қабылдайтын болады.

Сонымен қатар Р. Дәленов табыстың жоқтығына байланысты ірі мейрамханалар мен басқа да уақытша жабылған нысандардың ақша шығынының алдын алу, жалға алу ақысын төлеу, қызметкерлердің жалақысын беру мәселесін қалай еңсеруге болатынын түсіндірді. Оның айтуынша, бұл мәселенің бірнеше шешімі бар.

«Біріншіден, егер жалақы есептелмесе, онда жалақыдан табыс салығы ұсталмайды. Бұл қолданыстағы норма. Екіншіден, егер жалақы есептелсе, бірақ кассалық алшақтыққа байланысты салық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік болмаса, салық берешегіне өсімпұлды есептемеуді енгізу ұсынылады. Бұл уақытша норма. Үшіншіден, осы жылы жалпы белгіленген режимде жұмыс істейтін жеке кәсіпкерлерді табыс салығынан босату ұсынылады. Бұл қаражатты үнемдеуге және оларды жалақы төлеуге жұмсауға мүмкіндік береді», — деді Р. Дәленов.

Сонымен қатар, оның айтуынша, ШОБ-тің жекелеген санаттарына арналған салықтық ынталандырулар да үй-жай иелерінің жалдау мөлшерлемесін төмендетуіне мүмкіндік береді.