28 ақп, 2022 сағат 14:48

Дағдарысқа қарсы тиісті қадамдар жасалады - Тимур Жақсылықов


Валюта нарығындағы ахуал өте жылдам өзгеріп жатыр. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ахуал (нарықтағы) өте жылдам өзгеріп жатыр және оның барлығы қазіргі кезде біз ықпал ете алмайтын сыртқы саяси оқиғаларға байланысты. Біз тек оған әрекет ете аламыз. Сондықтан бірінші сауда-саттық кезеңін күтіп тұрмыз», - деді Т. Жақсылықов Мәжілісте тілшілер сауалына жауап бере отырып. 

Осы орайда ол дағдарысқа қарсы жоспар бар екенін және осы бағытта тиісті қадамдар жасалатынын айтты. 

«Ұлттық банктің ақпараты жарияланды, бұл тұрғыда ҰБ-ның тиісті регламенті бар. Сауда-саттық кезінде бағам күрт ауытқыса, Ұлттық банкте сауданы тоқтату құқы бар. Сонымен қатар Ұлттық банк интервенциялық тетікті пайдаланатынын жариялады», - деді вице-министр. 

Бұдан бұрын хабарланғандай, Тимур Жақсылықов алдағы уақытта валюта бағамы тепе-теңдік сипатына дейін төмендейді деген пікір айтқан еді. 

Айта кетейік, Ұлттық банк «Қазақстан қор биржасы» АҚ-мен бірлесіп теңге – АҚШ доллары валюта жұбы бойынша сауда-саттық регламентін өзгерту туралы шешім қабылдады. Атап айтқанда, 28 ақпанда сауда-саттық Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 15-00-де Франкфурт аукционы форматында ашылады. 

«Бұл шаралар уақытша сипатқа ие, белгісіздіктің жоғары дәрежесін және сыртқы геосаяси факторлар тарапынан валюта нарығына және ел ішіндегі қаржылық тұрақтылыққа көрсетілетін қысымды барынша азайту қажеттілігін көрсетеді», - делінген хабарламада.