Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабтың кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды primeminister.kz.
Отырыста көлік және сауда мәселелері қаралды. Жедел шешімді талап ететін негізгі мәселелердің бірі – туындаған көліктік-логистикалық проблемаларды шешу.
Премьер-Министр қазақстандық жүктердің транзиті бойынша Әзербайжанмен және Грузиямен келіссөздер нәтижелерін ескере отырып, жедел шаралар қабылдауды және баламалы көлік дәліздерін пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
Осы орайда Смайылов қазақстандық жүктерді тасымалдау тарифтерін төмендетудің маңыздылығын атап өтті.
Сонымен қатар сыртқы сауда жағдайларының өзгеруіне, оның ішінде ұлттық валюта бағамының ауытқуына, шетелдік шикізат, материалдар мен тауарларды жеткізу тізбектерінің өзгеруіне байланысты 140-қа жуық өтініш қаралды.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бақыт Сұлтановтың айтуынша, бизнес өкілдерінің өтініштерін нақты пысықтау бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, цемент саласындағы, жеңіл өнеркәсіптегі, аккумуляторлар, кабель-өткізгіш өнімдерін өндіруші 16 қазақстандық кәсіпорнының проблемалық мәселелері қаралды.
Қазақстандық өндіруші-экспорттаушыларды қолдау және ынталандыру үшін Үкімет қажетті қаржылық және сервистік қолдау шараларын көрсетеді. Қазіргі уақытта 1,5 млн тоннадан астам азық-түлік көлемінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жеткілікті қоры қалыптастырылды. Қазақстан Республикасы Сауда желілері одағының ақпаратына сәйкес, сауда орындарындағы қор халықтың таяу уақыттағы қажеттілігін қамтамасыз етеді.
Өндірісте импорттық тауарларды пайдаланатын өндірушілердің экономикалық белсенділігін қолдау, сондай-ақ ішкі нарықты азық-түлікпен толықтыру үшін Премьер-Министр экономикаға әсер ететін тауарларға импорттық кедендік баждарды алып тастау мәселесін қарастыруды тапсырды.
Жедел штабтың келесі отырысы 10 наурызда өтеді.