Алматы қаласының №32 қалалық емханасының бас дәрігері Артур Қажыбаев өңірлік коммункациялар қызметінде өткен онлайн брифингіде мегаполистегі күрделі эпидемиялық жағдай аясында қала тұрғындарына бірқатар ұсыныстар айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біріншіден, бетперде киіп, адамдар көп жиналатын орындарға бармау, қолға қолғап кию міндетті. Үйге келгеннен кейін қолды жуу керек. Адамдармен кездескен кезде 1,5-2 метр қашықтықты сақтау қажет. Бастысы адамдар көп топтасып жиналатын жерлерге бармау керек», - деді ол.
Артур Қажыбаев сонымен бірге, қолғап пен бетпердені әсіресе қоғамдық көлікте киюдің маңыздылығын түсіндірді.
«Қолғап кию өте маңызды, өйткені егер қолғапсыз қолымызда инфекция болса, біз оны байқамаймыз және автоматты түрде бетімізді қолмен ұстаймыз. Сөйтіп біз тез жұқтыруымыз мүмкін. Қазіргі уақытта бетперделер ең маңызды сақтық шараларының бірі болып табылады, адамдар бір - бірімен сөйлескен кезде инфекция ауа арқылы таралады, сондықтан қала тұрғындарына бетперде мен қолғап киген дұрыс деп ойлаймын», - деді бас дәрігер.
Естеріңізге сала кетейік, Алматыда жұқтыру орындары туралы ақпаратқа сәйкес, көбінесе адамдардың 39,6%-ы қоғамдық орындарға барып жұқтырған, 27,5%-ы-отбасында КВИ-мен ауыратын науқаспен қарым-қатынас жасаған, 20,3%-ы қоғамдық көлікте жұқтырған.
«Жұқтыру себептеріне келетін болсақ, ең бастысы науқастар науқас адамдармен қарым - қатынаста болды. Екіншіден, адамдар көп жиналатын жерлерде болғандар және қонақ шақырып, қонаққа, мысалы тойға барғандар. Одан кейін азық-түлік дүкендерінен - 36%, қоғамдық көліктерден - 13%, базарлардан жұқтырғандар саны -12%. Бұл біздің емханада бақылауға алынған 23 адамның жұқтыру оқиғалары бойынша статистика. Көбінесе жұқтыру жағдайлары алдын алу шараларын ескермеумен байланысты», - деді ол.
Спикер сондай-ақ мобильді бригаданы қандай жағдайларда дереу шақыру керек деген сұраққа жауап берді.
«Егер ЖРВИ белгілері - жөтел, дене қызуы пайда болса, онда емделушіге емханаға жүгіну - тіркеу бөліміне қоңырау шалу қажет. Тіркеу орнында мобильді бригадаға ауыстырады, мобильді бригада келіп, қызмет көрсетеді. Ең алдымен олар (мобильді бригада) да қоңырау шалып, жағдайына баға беріп, содан кейін келіп көмек көрсетеді. Мобильді бригада келіп, қарап, ауруханаға жатқызу қажет деген белгілерді көрсе, науқас ауруханаға жатқызылады. Бұл кезде науқас 14 күн бойы бақылауда болады», - деп түсіндірді Артур Қажыбаев.