03 сәу, 2020 сағат 15:36

Covid-19: Республика бойынша жалпы өсім 9-12 пайызға дейін төмендеді

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов коронавирус инфекциясымен күрес бойынша елімізде енгізілген карантин шараларының нәтижесін айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Өткен аптада науқастар санының көбеюі күн сайын 30-50 пайыз аралығында құбылып тұратын. Ел бойынша карантин шаралары күшейтілген соң, республика бойынша жалпы өсім 9-12 пайызға дейін төмендеді. Бұл Үкімет пен өңір әкімдері жүргізген карантин шараларының тиімділігін көрсетеді», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Министр апта басынан бері Алматы мен Нұр-Сұлтанда карантин шаралары күшейтіліп, жұмыссыз апта жарияланғанын еске салды. 

«Ауру жұқтыру жағдайларының 30 пайызы еңбек ұжымдарында тіркелгенін айтқан едік. Жұмыс орындары инфекцияның таралуына айтарлықтай ықпал етті. 28 наурыздан бастап, Нұр-Сұлтанда науқастар өсімі күніне 60 жағдайдан 15 жағдайға дейін төмендеді. Алматыда 8-ден 2 жағдайға дейін азайды. Мұның барлығы - карантин мен оқшауланудың тиімді болуынан. ТЖ бойынша мемлекеттік комиссия шешімімен Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы жұмысты тоқтату тағы бір аптаға созылды. Бұл екінші апта еңбек ұжымдарындағы, қоғамдық орындардағы байланысты азайтып, инкубациялық кезеңде жүрген науқастарды анықтауға мүмкіндік береді», - деді Елжан Біртанов.