Өмір бойына сотталған Владислав Челах тірі, дені сау, абақтыда жазасын өтеп жатыр. Бұл туралы ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Sputnik Kazakhstan агенттігі.
Бұған дейін "Қара бүркіт" колониясында жазасын өтеп жатқан Владислав Челахтың қаза болғаны туралы қауесет тараған еді.
"Ақпарат шындыққа жанаспайды. Сотталған азамат - тірі, дені сау. Қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде жазасын өтеп жатыр. Денсаулығына шағымы жоқ" - деп мәлімдеді қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен.
Арқанкергендегі қанды қырғын
2012 жылдың 28 мамырында қазақ-қытай шекарасында орналасқан "Арқанкерген" шекара бекетінде қайғылы оқиға болды.
Мамыр айының соңғы күндерінде Арқанкергендегі шекарашылармен байланыс кенеттен үзіледі. Екі күннен кейін – 30 мамырда Арқанкергенге жіберілген жасақ шекара бекетінің түгі қалмай жанып кеткенін көреді.
Бір күннен кейін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты шекара қызметі өртеніп кеткен ғимараттан 12 адамның сүйегі, ал келесі күні тағы екі шекарашының мүрдесі табылғанын мәлімдеді. Бұған қоса, бір қорықшының мәйіті табылған.
4 маусымда шекара бекетінен 24 шақырымда орналасқан қыстаулардың бірінде 15-ші шекарашы Владислав Челах ұсталды. Ол кезде қарағандылық жігіт 19 жаста болған. Әуелі белгісіз біреулер шекарашыларға шабуыл жасады деп хабарланған еді, кейін тергеу Челах бәрін жайратып салып, осыдан кейін мәйіттерді өртеп жіберді деген қорытындыға келді.
Ең алғаш ұсталған кезде Челах та қылмысын мойындайды. Бірақ кейін сотта барлығын жоққа шығарды. Ол оған қысым жасалғанын, кінәні мойындауға мәжбүр болғанын, ешкімді өлтірмегенін, тек өрт қойғанын мәлімдеді.
Бұл іс бойынша сот үкімі 2012 жылы 11 желтоқсанда шықты. Сот Челахты 15 адамды өлтірді деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.