Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ақпарат алудың бірнеше тәсілін ұсынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ақпараттандырудың ең танымал тәсілдері – электрондық тәсілдер, яғни электрондық пошта арқылы, БЖЗҚ-ға ұсынылған мекенжайға; электрондық цифрлық қолтаңбаны немесе пайдаланушының логині мен паролін, оның ішінде ұялы қосымшаны пайдалана отырып, жеке кабинет арқылы жүзеге асырылады.
«2020 жылдың 1 наурызына дейін соңғы тәсілді 5,6 миллионнан астам жеке зейнетақы шотының иегері пайдаланды. Бұл тәсілдің артықшылығы, ең алдымен, жылдам пен ыңғайлы. Басқа тәсілден ерекшелігі, оның көмегімен сіз кез келген уақытта және кез келген жерде шотыңызды тексере аласыз. Гаджеттіңіз арқылы жеке зейнетақы шотыңыздан үзінді көшірме алып, зейнетақы активтері бойынша ағымдағы көрсеткішті, шарттар деректемесін және т.б. көптеген мәліметті көре аласыз», делінген хабарламада.
БЖЗҚ ұялы сервис ретінде қосымшаны ғана дамытып қоймай, мессенджерге де түрлі функцияларды белсенді түрде енгізуде. Танымал Telegram мессенджерінде шағын үзінді көшірме алуға, жеке кабинеттің құпия сөзін қалпына келтіріп, БЖЗҚ-ның өзекті жаңалығымен және ағымдағы көрсеткішімен танысуға, сондай-ақ қордың жақын жердегі бөлімшесін табуға болады.
850 мыңнан астам салымшы (алушы) ақпараттандыру тәсілі ретінде электрондық поштаны таңдады. Бұл да ыңғайлы тәсіл.
Айта кету керек, қалалар мен облыстар бөлінісінде ақпарат алудың электрондық тәсілі Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Қарағанды және Түркістан облыстарында кеңінен тараған.
Интернеттің жылдам дамуына қарамастан БЖЗҚ филиалына келіп өтініш білдіру тәсілі де танымалдығын жалғастыруда. Қазіргі уақытта – бұл танымалдығы жағынан ақпараттандырудың екінші тәсілі. Жеке зейнетақы шотының 1 980 240 иегері дәл осы нұсқаны таңдады.
«БЖЗҚ-дан ақпаратты пошта қызметінің көмегімен алатын азаматтардың саны бірте-бірте азайып келеді. Ақпарат берудің мұндай тәсілін жылына бір рет (!) 3 млн салымшы таңдады. Ақпарат алу мақсатында көрсетілген мекен-жай өзгерген жағдайда, бұл туралы қорға хабарлау қажет екенін еске саламыз. Егер мұны жасамасаңыз, онда БЖЗҚ-ның зейнетақы жинағының жай-күйі туралы ақпаратты одан әрі жібермеуге құқығы бар», делінген хабарламада.