Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 104 мыңнан астам азаматтан өтініш түсті. Бұл мүмкіндікті 700 мыңға жуық қазақстандық қолдана алады.
Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының баспасөз қызметі мәлімдеді.
10 ақпандағы жағдай бойынша БЖЗҚ-ға «Отбасы банкі» мен «Қазақстанның Халық банкі» (операторлар) арқылы 104 076 өтініш түскен. Зейнетақы қорында жеткіліктілік шегі бар азаматтар баспана жағдайын жақсартпақ.
Осы өтініштердің 6,8-і өңделіп жатыр. Операторлар шотына 36,8 млрд теңге жіберіледі. 32,8 мың өтініш заңнама талабына сай келмегендіктен, қарастырылмайды.
Жалпы сомасы 350 млрд теңгеге 64,3 мың өтініш мақұлданды. Төлемнің орташа сомасы - 5,4 млн теңге.
Біржолғы зейнетақы төлемдерді алуға берілген өтініштердің басым бөлігі бұрынғысынша Алматы (20,6%), Нұр-Сұлтан (16,7%) және Маңғыстау облысының (14,6%) тұрғындарынан келіп түсуде.
Өтінімдердің қабылданбауының себептері:
1. Сомалар дұрыс көрсетілмеген, оның ішінде зейнетақы жинақтарының сомасы артық көрсетілген.
2. Жеке табыс салығын (ЖТС) төлеу тәсілін таңдау кезінде алуға сұраныс жасалатын сомалар дұрыс көрсетілмеген.
3. Салымшылар алуға болатын сома шегінде емес, зейнетақы жинақтарының бүкіл сомасын көрсетті.
4. Өтінімде өзекті емес сомалар көрсетілген, яғни салымшылар инвестициялық табыстың нарықтық ауытқуына байланысты зейнетақыЗей сомасындағы өзгерістерді ескермеген.
5. «БЖЗҚ» АҚ деректер базасында жеке зейнетақы шоттары және тиісінше зейнетақы жинақтары жоқ тұлғалардан да өтінімдер түскен.
6. Салымшылар қайталайтын өтінімдер берген.