Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысындаа Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова ҚР Үкіметінің және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөнінде есеп берді, деп хабарлайды Baq.kz агенттігі.
«Биыл бюджеттің жалпыұлттық мақсаттарға аумақтарды дамыту бойынша мемлекеттік бағдарламалар деңгейінде қаншалықты жауап беретінін қарадық. 2018 жылы республикалық бюджеттің атқарылуы өткен жылғы Парламент пен Есеп комитетінің ұсынымдарын ескере отырып, Үкімет жүргізген бюджет процесін айтарлықтай қайта құру аясында өтті. Есеп комитетінің Үкіметке және мемлекеттік органдарға берген ұсыныстарының саны бойынша, бюджеттің атқарылуын қараудың алдыңғы қорытындылары бойынша орындау сатысы 72 пайызды көрсетті. Бұл бюджеттің орындалу жағдайының жақсаруына ықпал етті. Бюджет түзетулері екі есе аз болды. Бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану 4 есе төмендеді. Оң динамика тіркелді, сол себепті бұл жұмыс жалғасады деген ойдамыз», - деп айтты Годунова екі палатаның бірлесен отырысында.
Сондай-ақ, ол макроэкономикалық көрсеткіштерге де тоқталды.
«Қазақстан экономикасы әлемдік экономиканың орташа өсу қарқыны мен негізгі экспорттық тауарларға сұраныстың біртіндеп қалпына келуі аясында дамыды. Сонымен бірге экономиканы әртараптандыру саясатына қарамастан, экономика өсіміне мұнай-газ секторы бұрынғысынша айтарлықтай үлес қосып отыр. Ал оның ЖІӨ құрылымындағы үлес салмағы 21,3% дейін өсті. Экспорт құрылымындағы минералды өнімдердің үлесі 74% құрайды», - деп айтты Есеп комитетінің төрағасы.
Оның айтуынша, 2018 жылы әлеуметтік салада да елеулі өзгерістер болып, 2014 жылдан кейін былтыр алғаш рет халықтың еңбекақысының нақты мәнде өсуіне қол жеткізілді. Годунова бұл оң үрдіс биыл да жалғасатынын айтты. Ал мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қарызы ЖІӨ 60% аспайтын қауіпсіз деңгейде тұр.