19 қаң, 2024 сағат 11:54

БҰҰ бітімгерлік миссияларына қатысу Қазақстанның әлемдік аренадағы рөлін арттырады – сенатор

Фото: senate.parlam.kz

Сенат депутаты Алишер Сатвалдиев Мемлекет басшысының БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қарулы Күштердің бітімгерлік контингентін жіберу туралы ұсынысына қолдау білдірді, - деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Мемлекет басшысының БҰҰ миссияларына қатысу үшін Қарулы Күштердің бітімгер контингентін жіберу туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл қадам еліміздің халықаралық міндеттемелерін тұрақты орындай отырып, БҰҰ-ның толыққанды мүшесі ретінде Қазақстанныdң әлемдік аренадағы рөлін арттыруға ықпал етеді деп ойлаймын», - деді А. Сатвалдиев.

Сенатор еліміз әлемдік қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде 2000 жылдан бері БҰҰ аясындағы бітімгерлік операцияларға қатысып, әлемдегі қақтығыс аймақтарында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосып келе жатқанын атап өтті.

«Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері былтырғы желтоқсан айында Бітімгершілік операциялар орталығының қызметімен танысты. «Бітімгер» оқу-жаттығу орталығына барған кезде, ұлттық контингентті БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуға дайындау ерекшеліктерімен танысып, әскери қызметкерлердің қару-жарақпен, әскери техникамен және мүлікпен жабдықталуын қарап шықтық. Бұл ретте, біздің бітімгерлер алдағы уақытта да Қазақстан атынан өз міндетін абыроймен атқаруға дайын екеніне сенімдімін», - деді Алишер Сатывалдиев.

Оның айтуынша, біздің контингенттің миссияға қатысуы еліміздің Қарулы Күштеріне зор тәжірибе жинақтауға мүмкіндік береді.

«Біздің бітімгерлер қақтығыстарды тоқтатуда және халықаралық қатынастарда жаңа тәжірибені меңгеріп қана қоймайды, сонымен қатар басқа да елдердің әскерлерінің жауынгерлік іс-қимылдарының ерекшеліктерімен және олардың қару-жарақтарымен танысады», - деді депутат.