24 ақп, 2022 сағат 12:05

БҰҰ бас хатшысы Ресейді Украинада әскери операциясын тоқтатуға шақырды


БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш Ресей президенті Владимир Путиннен ресейлік әскердің Украинаға шабуылын тоқтатуды сұрады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесі Украина төңірегіндегі жағдайды шұғыл талқылау үшін бір аптада екінші рет жиналды. Сессиядан үзінділер ұйымның Twitter-дегі ресми аккаунтында жарияланды.

"Мен бір нәрсені шын жүрегіммен сұраймын: президент Путин, әскерлеріңіздің Украинаға шабуыл жасауын тоқтатыңыз, бейбітшілікке мүмкіндік беріңіз", - деді Гутерриш.

Украина сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Ресей әскері Украинаға жаппай басып кіргені туралы мәлімдемесінен кейін, Гутерриш Путинді әскерін қайтаруға шақырды.

"Қазіргі жағдайда өз үндеуімді өзгертемін: президент Путин, адамзат үшін, өз әскерлеріңізді Ресейге қайтарыңыз. Бұл қақтығыс қазір тоқтауы керек", - деді БҰҰ басшысы.

Осыған дейін Ресей Президенті Владимир Путин Донбасста арнайы әскери операция жүргізілетінін, Ресейдің жоспарында Украинаны оккупациялаудың жоқтығын айтқан болатын.