08 мау, 2021 сағат 21:58

Бұрынғы ғашығына 20 жерден пышақ салған қарағандылық 11 жылға сотталды


Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы құрбысына 20 рет пышақ салған жігітке қатысты үкім шығарылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Кісі өлтіруге оқталғаны үшін айыпталып отырған 23 жастағы қарағандылыққа қатысты қылмыстық іс Қарағанды облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды. Сотталушы өзінің бұрынғы қызын өлтіргісі келмегенін айтып, кінәсін мойындамады. Сотталушының адвокаты соттан айыптау бабын қайта қарауды сұрады. 

Алайда судья Бекзат Шалғымбаев іс бойынша жиналған барлық материалдарды зерттеп, процеске қатысушылардың барлығын тыңдап, сотталушыны 11 жыл 3 айға бас бостандығынан айырды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ. Сотталушы мен оның қорғаушысы Қарағанды облыстық сотына апелляциялық шағым түсірді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың қазан айында 23 жастағы ер адам өзінің бұрынғы сүйіктісіне 20 пышақ жарақатын салып, қылмыс орнынан қашып кетті. Бір айдан кейін тәртіп сақшылары оны ұстады.