Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Қазақстан ДДСҰ-ның соңғы стандарттарына сәйкес науқастардың бәрін есепке тіркеуге дайын екенін жеткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұй ымының кеңесімен біз 2020 жылдың 1 тамызынан бастап КВИ мен пневмония бойынша статистиканың біріктіру туралы шешім қабылдадық. Көп адам ДДСҰ бұл туралы 18 шілдеде хабарласа, Қазақстан статистиканы неліктен 1 тамыздан бастағалы жатыр дейді. Себеп мынада: бізге кодировка мен пациенттерді тіркеу жүйесінің сенімділігін қамтамасыз ету алгоритмін әзірлеу үшін, қазіргі ақпараттық жүйені баптап, жаңа мәліметтерді енгізу үшін персоналды дайындауға екі аптаға жуық уақыт керек болды. Бұл өте күрделі әрі көп күшті талап ететін шаруа», - деді Алексей Цой ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Министрдің айтуынша ПТР-тесттен анықталған нәтижені тіркеу оңай болғанымен, расталмаған ковит (пневмонияны) анықтау қиын.
«Біздің алдымызда аз уақыттың ішінде дәрігерлерді коронавирус пневмониясының белгілерін анықтап, оны есеп жүйесіне тіркеу міндеті тұрды. Біз бұл жұмысты атқардық. Ендігі кезекте ДДСҰ-ның соңғы стандарттарына сәйкес науқастардың бәрін тіркеуге дайынбыз», - деді ол.