© Photo: Unsplash/Лео Ривас
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасы ресми қолданысқа енді. Алдын ала мәлімет бойынша, жоба алғашқы жылдың өзінде 7 миллионнан астам баланы қамтиды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Ұлттық қорды басқару Ұлттық банктің құзырындағы шаруа болғанмен, «Ұлттық қор — балаларға» жобасының үйлестірушісі — Қаржы министрлігі.
Ал оператор — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры.
Әділет министрлігінің базасындағы дерек негізінде 2024 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша 18-ге толмаған балалардың тізімі жасалады.
Сол тізім негізінде Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысын неше балаға теңдей бөлу керектігі белгілі болады.
2024 жылдың 1 ақпанында осы есеп негізінде 18-ге толмаған балалардың бәріне бірдей мөлшерде ақша аударыла бастайды.
18 жасқа толған соң бала Ұлттық қордан түскен төлемді тұрғын үй сатып алуға, білім алуға, оның ішінде шетелде білім алу мүмкіндігіне жұмсай алады.
Бірақ баспананы тек Қазақстан аумағынан сатып алуы керек.
Ұлттық қор төлемін аудару бала қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Бұл жағдайда мұрагерлік құқығы күшіне енеді.
Ондай баланың мұрагері кім бола алатыны Азаматтық кодекстің айрықша бөлігінде көрсетілген, яғни әр баланың мұрагері нақты жағдайы бойынша анықталады.
Ал заңды мұрагер баладан қалған ақшаны өз қалауынша пайдаланады.
Бала Қазақстан азаматтығынан айырылған кезде Ұлттық қордан төлем аударылмайды.
Егер балаңыздың деректері eGov-та жоқ болса, платформада «баланы қосу» деген батырма бар.
Соны басып, баланың ЖСН нөмірін енгізу арқылы тіркеуге болады.
Ал тіркеу кезінде ақпараттар шықпай жатса, «түзету» батырмасына өтіп, өз құжатыңызды, балаларыңыздың туу туралы куәлігін енгізесіз.
• Ұлттық қордан балаларға бөлінетін жинақ салықтан босатылады.
• Ата-аналар ешқандай құжат жинамайды, өйткені процесс тұтас автоматтандырылған.
• Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігімен бірлесіп, тиісті интеграциялық жұмыс жүргізіп отырады.
• Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражаты 10 жыл сақталады. Осы 10 жыл ішінде шоттағы қаражат талап етілмеген жағдайда сол адамның зейнетақы шотына аударылады.
• Бала шотындағы ақша доллармен сақталып, 18-ге толғаннан кейінгі 10 жыл ішінде талап еткен уақыттағы бағам бойынша теңгемен аударылады.
• Ақша аудару жолымен ғана пайдаланылады, қолма-қол берілмейді.