11 шіл, 2024 сағат 13:04

Бүгін Шәкәрім Құдайбердіұлының туған күні

 

11 шілде (кейбір деректерде 24 шілде) Шәкәрім Құдайбердіұлы (1858-1931) өмірге келген күні. Ол қазақтың Ұлы ойшылы, философ, ақын, композитор, ағартушысы.

Ұлы Абайдың ағасы Құдайбердінің баласы Шәкәрімді ағасы дүниеден озған соң Абай өзі бауырына басқан. Жеті жасынан өлең жазып, өз бетімен араб, парсы, түрік, орыс тілдерін игеріп, шығыс, орыс классиктерінің шығармаларынан таным көкжиегін кеңейтеді. Әртүрлі өнер түрлерін игереді.

Ш.Құдайбердіұлының әдеби мұрасы аса бай. Ол поэзия, проза, аударма, тарих, трактат саласында жұмыс істеп, Абай дәстүрінде демократтық-халықтық, гуманистік-халықтық бағыт ұстады. Оның "Үш анығы" талай ғалымның зерттеуіне арқау болған терең философия.

1908 жылдан бастап елден шет кетіп, таза шығармашылық жұмыспен шұғылданады. "Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі", "Мұсылмандық шарты кітабы" 1911 жылы Орынборда, "Қазақ айнасы" өлеңдер жинағы, "Қалқаман-Мамыр", "Еңлік-Кебек" поэмалары 1912 жылы Семейде басылып шығады.

Орыстың ұлы жазушысы Толстоймен хат алысып тұрған. 1931 жылы бандалармен байланысты деген жалған айыптаумен кеңес қарулы топ мүшелерінің қолынан атып өлтіріледі. 1988 жылы ақын аты ақталды.