28 ақп, 2020 сағат 10:42

Британиялық бизнесмендер Қазақстанда жаңа кен орындарын игеруге инвестиция құюға дайын

Британиялық бизнесмендер Қазақстандағы геологиялық барлау және жаңа кен орындарын игеруге инвестиция құюға дайын. Батыс Аустралия мен Канадада сәтті жүзеге асырып келе жатқан және біздің мемлекет қолданысқа енгізген геологиялық барлау бойынша әлемдік тәжірибе Тұманды Альбиондағы инвесторлардың назарын аударды, деп хабарлайды «Roadshow London 2020» шарасына қатысқан ҚазАқпарат.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» ҚР жаңа кодексіндегі маңызды өзгерістер шағын юниорлық компаниялар үшін соны мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Бүгінде геологиялық барлау үшін 460 мың шаршы шақырым бөлініп, 600-ге жуық лицензия берілді. Оған деген сұраныс, әсіресе, британиялық компаниялар арасында жоғары.

Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі ұйымдастырған «Roadshow London 2020» шарасына британиялық «Strategy International» ұйымының атқарушы төрағасы Питер О’Кейн, «Тау-Кен Самұрық» ұлттық тау-кен компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Қанат Құдайбергенов, Ұлыбритания халықаралық сауда министрлігінің өкілі Роз Ланд, «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО биржасы, AIX) қаржы рыноктарын дамыту бойынша жетекшісі Тимур Абушкин, сондай-ақ тау-кен өндірісі саласындағы жетекші шетелдік мамандар қатысты.

Қазақстан Республикасы индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Руслан Бәймішевтің айтуынша, б үгінде Қазақстанда жаңа кен орындарын ашуға өз септігін тигізгісі келетін шағын юниорлық компаниялар шаш етектен.

«Олардың біздің елімізде жұмыс істеуге деген ниеті зор. Менің ойымша, осындай шаралар сол мекемелермен жүзбе-жүз кездесуге мол мүмкіндік береді», - деді.

Британиялықтар болса, тау-кен өнеркәсібінің инвестициялық және инновациялық әлеуетін арттыру үшін Қазақстанда көптеген маңызды бастамалар қолға алынып жатқанына қуанышты.

«Меніңше, Қазақстанның халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығы артып келеді. Тау-кен секторындағы жаңа кодекс, жуық арада қабылданғалы жатқан жаңа экологиялық кодекс, пайдалы қазбалар қоры бойынша халықаралық стандарттар комитетінің қолданысы Қазақстанда бизнес жүргізуге қолайлы жағдай туғызуда», – деді Ұлыбритания халықаралық сауда министрлігінің өкілі Роз Ланд.

Үкіметтік делегация және қазақстандық компаниялар бұдан кейін Канадада өтетін жаһандық көрмеге жол тартпақ. Жыл сайынғы шарада Қазақстан күні ұйымдастырылып, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» жаңа кодекстегі өзгерістер және алғашқы нәтижелер туралы тағы да айтылады.