Қазақстанда браконьерлікпен күресті күшейту жөніндегі заңнамалық нормалар Парламентке осы айда енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Браконьерлік қылмыс үшін жауапкершілікті күшейту керек. Қазіргі уақытта браконьерлік ұйымдасқан қылмыс сипатын алып, табиғатты қорғау туралы заңнаманың өрескел бұзылу фактілері жыл сайын көбеймесе, азаятын емес. Биыл тіркелген «Охотзопромның» екі инспекторының өлімі, Марқакөлдегі браконьерлердің қылмыстық әрекеттері, Каспий теңізіндегі бекіре тұқымдас балықтарға жасалған браконьерлік осы сөзімізге айқын дәлел бола алады. Осыған байланысты, Мемлекет басшысы браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту үшін нақты шараларды қолға алуды тапсырды», - деді Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ведомствода өткен алқа отырыста.
Министрдің айтуына қарағанда, аталған бағытта жұмыс басталып кеткен. Яғни, браконьерлік мақсатта пайдаланылған қаруларды, керек-жарақтарды міндетті түрде тәркілеу ережелері заңнамаға өзгеріс ретінде енгізілгелі отыр.
«Сол секілді, браконьерлік үшін санкция күшейтілді. Инспекторлардың өсімдік және жануарлар әлемін қорғау бағытындағы құзіреті артты. Сонымен қатар, министрлік Бас прокуратурамен және өзге де жауапты органдармен бірге браконьерлікпен күресті күшейту шараларын қолға алуда. Бұл ретте қызметтік борышын өтеу кезінде қорықшылардың немесе олардың туыстарының өміріне қастандық жасау қылмысына санкциялар күшейтілді», - деді ол.
Мағзұм Мырзағалиев бұл ұсыныстар Бас прокуратураның жанындағы құқықтық саясат жөніндегі кеңесте қолдау тапқанын баян етті.
«Мәжіліске заң жобасы осы айда енгізіледі», - деді министр.