07 шіл, 2022 сағат 17:30

Борис Джонсон орнын босататынын мәлімдеді


Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон 7 шілдедегі мәлімдемесінде орнын босататынын мәлімдеді. Дегенмен ол өз сөзінде Консервативтер партиясының жаңа лидері сайланғанша премьер қызметінде бола беретінін де жеткізді. Партия ішіндегі сайлау қазан айында өтуі мүмкін.

Осы аптада Ұлыбритания үкіметінің құрамындағы елуден астам саясаткер премьерге сенімсіздік танытып, қызметінен кеткен. Олардың қатарында қаржы министрі Риши Сунак пен денсаулық сақтау министрі Саджил Жавади бар.

Джонсонға сенімсіздік танытудың нақты бір себебі жоқ, бұған осыған дейін болған бірнеше шулы оқиға себеп болып отыр. Мәселен, Британияда коронавирус өршіп, үкімет бүкіл елде локдаун жариялағанда Борис Джонсон бастаған шенеуніктер премьер резиденциясында кеш ұйымдастырған. Осыдан соң Ұлыбритания парламентінде Консервативті партия өкілдері Джонсонға сенімсіздік вотумын жариялап, дауысқа салды. Дауыс беру кезінде Джонсонды қолдағандар көп болып, ол премьер қызметінде қалған.

Екінші дау Консервативті партияның жоғары лауазымды мүшесі Крис Пинчерді парламентте белді қызметке тағайындаған соң шықты. Бұған дейін Пинчер мас күйінде жабық клубта екі ер адамға қырындады деп айыпталған еді, оның үстінен парламентте тексеріс жүріп жатқан. Борис Джонсон Пинчерге қатысты жүріп жатқан тексеріске қарамастан оны қызметке тағайындады. Осыдан соң Джонсонға қатысты дау қайта күшейді.

YouGov сауалнамасына сай, Ұлыбританияда халықтың 60 пайызы үкіметтің жұмысына сенбейді, ал Джонсонға сенбейтіндердің үлесі – 71 пайыз. Егер Британияда өткен аптада парламент сайлауы болса либералистер консервативтерді жеңіп, басым дауысты ие болар еді дейді әлеуметтанушылар.