Фото: ФК "Кайрат"
Сот БАҚ өкілдеріне сот залында аудио және бейнежазба жүргізуге тыйым салу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Судьяның айтуынша, бұған дейін журналистер әлеуметтік желілерде өз пікірлерімен, субтитрлер бар монтаждалған бейнероликтер жариялаған.
"Бұл шешім шағымдануға жатпайды", - деді Астана қаласы Сарыарқа ауданының 2-ші аудандық сотының судьясы Назгүл Бапақова.
Боранбаевтың адвокаттары сот шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Дегенмен судья куәгерлер өздерінің жеке деректері мен сотта берген жауаптарының БАҚ арқылы таралуына қарсы екенін түсіндірді.
"Бұл "Жеке деректер және оларды қорғау туралы" заңның 10-бабының нормаларын бұзады. Журналистер өздерінің субъективті ой-пікірлері арқылы сот тергеуіне қатысты қоғамдық теріс пікірді алдын ала қалыптастыруға тырысып жатыр. Ал бұған заң бойынша жол берілмейді", - деді Назгүл Бапақова.
Судьяның айтуынша, журналистер куәгерлердің жеке деректерін жарияламай сот отырыстарының барысы туралы ақпарат тарата алады.
Назарбаевтың бұрынғы құдасы Қайрат Боранбаев, олигарх, "АзияГазЧунджа" ЖШС құрылтайшысы және тең құрылтайшысы Роман Наханов және "Qazaq Gaz" АҚ басқарма басшысының бұрынғы орынбасары Тайыр Жанұзақ сұйытылған мұнай газын сатып алу кезінде 14,5 миллиард теңге жымқырды, сондай-ақ қылмыстық жолмен жиналған ақшаны заңдастырды деген күдікке ілінді.