17 қаз, 2023 сағат 16:47

Боранбаев мемлекетке тағы 30 млрд теңгеден астам қаржы қайтарды

Фотоколлаж Azattyq Rýhy

Сотталған олигарх Қайрат Боранбаевқа тиесілі компаниялар Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын аударды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.

"Қайрат Боранбаевқа қатысты жүргізіліп жатқан сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында ол өз еркімен тергеумен ынтымақтасу ниеті туралы мәлімдеген.

Боранбаевқа тиесілі компаниялар шетелден қайтарылған қаражат есебінен Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 66 млн АҚШ долларын, яғни 30 млрд теңгеден астам қаржы аударды.

Еске салайық, көгілдір отынды әкелу кезінде қаражат ұрлау фактісі бойынша жүргізілген тергеу аясында Боранбаев 14,5 млрд теңге көлемінде материалдық шығын өтеген болатын" - делінген хабарламада.

Бұл қаражат қолданыстағы заңнамаға сәйкес білім беру саласын қолдауға, мектептер мен басқа да оқу орындарын салуға және қайта жаңартуға, сондай-ақ бүкіл республика бойынша әлеуметтік салаға бағытталатын болады (ҚР Бюджет кодексі 52-3 бап).