07 ақп, 2025 сағат 12:26

«Болмаған балалық шақ» фильмі 27 ақпанда барлық кинотеатрларда көрсетіле бастайды



27 ақпаннан бастап «Болмаған балалық шақ» фильмі барлық кинотеатрларда көрсетіле бастайды, деп хабарлайды Ult.kz.


«Болмаған балалық шақ» – танымал ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР «Дарын» жастар сыйлығының иегері Ақберен Елгезектің кейінгі жылдары бестселлерге айналған туындысы «Болмаған балалық шақ» шығармасының желісі бойынша түсірілген драмалық фильм.


Бұл туынды театр сахнасында да қойылып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын. Енді дәл осы  шығарма кино болып түсіріліп, үлкен экранға жол тартпақ. Бас продюсері автордың өзі – Ақберен Елгезек, режиссері – Айдын Сахаман, сценарийін жазған – Ефрат Шәріпов. Фильмдегі басты рөлдерді Ерлан Біләл, Берік Айтжанов, Әшім Ахметов пен жас актер Шәкәрім Алмасбек ойнады.


Шынайы оқиғаға негізделген бұл туынды балалық шағынан ауыр тағдырдың сынағына түскен кейіпкердің өмірін суреттейді. Басты кейіпкер қиындықтар мен әділетсіздікке қарамастан, өз жолын табуға және адамдық қасиеттерін сақтауға тырысады.


Фильмде «Болмаған балалық шақ» шығармасындағы оқиғаларға негізделген сюжеттер көрініс тапқан. Оқиғаның шынайылығы мен кейіпкерлердің терең психологиялық бейнесі көрерменге үлкен әсер сыйлайды.


Айта кету керек, Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ» шығармасы қазақ әдебиетіне үлкен жаңалық болып енген туындылардың бірі. Бүгінде кітап нағыз бестселлерге айналып, қалың оқырманға 40 000 – нан астам данасы таралған. Қазақ әдебиетінде көркем шығарманың дәл осындай ауқымды көрсеткішпен таралуы айрықша құбылыс. 


Фильмді түсіру басында, Қазақфильмнің базасында кастинг шамамен 3-4 ай өтіп, оған 700-ге жуық бала қатысқан. Режиссердің айтуынша, конкурс бірнеше кезеңнен тұрған.


«Әртүрлі актерлық мекемелерден, үйірмелер мен мектептерден айлар бойы балалар тоқтамай келіп отырды. Солардың арасынан іріктеліп алынды. Конкурс бірнеше кезеңнен тұрды. Бірінші фотосуреттен бастап, өнеріне қатысты, одан кейін сахнада ойнаған, партнерлық сахнада ойнаған іріктеулер болды. Солардың арасынан төрт айда тапқан басты кейіпкеріміз Ақошты ойнайтын екі жас айырмашылығындағы кейіпкер бар. Кішкентай және үлкен... Мектептің басы мен аяғы ғой. Оны студенттердің арасынан қарадық. Соның ішінен тапқан басты кейіпкер кішкентай Ақош – Шәкәрім Алмасбек, үлкен Ақош – Нұртілек Жарылқасын», – дейді режиссер Айдын Сахаман.


Сонымен қатар, баланың қасындағы достары, әпке-бауырларын ойнаған болашақ кәсіби артистер Т. Жүргенов атындағы Академия мен Ж.Елебеков атындағы Эстрада және цирк колледжінің студенттері ойнап шыққан. 


«Болмаған балалық шақ» шығармасы жеке автордан әлемдік Amazon платформасында және АҚШ-тағы танымал тарихи Barnes & Noble интернет-кітап дүкенінде, AppStore, Playmarket платформаларында сатылып жатқан тұңғыш кітап. Жуырда аталған туындының аудионұсқасы әйгілі Audiobooks платформасында жарық көргелі жатыр. Кітаптың башқұрт тіліндегі нұсқасы Башқұртстан Республикасында жылдың үздік прозасы ретінде танылды. 

Шығарма Қазақстанның үш бірдей театрында сахналанып театр көрермендерінің де ықыласына бөленгенін де айта кеткен жөн. Барлық театрларда шығарманың әр қойылымы аншлагпен өтті. Танымал ақынның шынайы өмірден алынған балалық шақ жайлы шығармасы әуелі көркем әдебиетке айналып, бестселлерлер қатарынан көрінсе, кейіннен театр туындысы ретінде өз көрерменін тапты. Алай да фильмнің режиссері бұл театрыдағы қойылымдарды арнайы көрмегенін тілге тиек етіп, кинода өзінің режиссерлік қолтаңбасын танытпақ ниетте екенін айтты.


«Режиссер ретінде өз басым бұл спектакльге әдейі барған жоқпын. Өйткені әр режиссердің өзінің қолтаңбасы мен көзқарасы бар. Бір шығармадан екінші шығармаға бір стилистика, бір идея көшіп кетпеуі үшін әдейі бармадым. Тек қана кітапты оқып, өзімнің режиссерлік оригиналды ойымды сақтау үшін солай еттім. Қандай байланыс бар екенін тек қана көрермен айта алатын шығар», – дейді Айдын Сахаман.


Ал фильм Алматы облысының шығысынан батысына дейін бес ауылында түсіріліген. Кеген ауданы Тоғызбұлақта, одан кейін Жамбыл ауданы Бесмойнақ деген ауылда түсірдік. Сұраншы батыр, Ақсеңгір ауылдарында да түсірілім өтті.


Сонымен қатар шығарма қырғыз, өзбек тілдеріне аударылуда. Осылайша шығарма көркем әдеби туынды ретінде кең таралып, қалың оқырманның, оның ішінде орта Азия кітапсүйерлерінің сүйікті кітабына айналды. Ал бүгінде танымал шығарма экранизацияланып, отандық кино әлеміне сапарын бастады. Сүйікті шығармаларын театрдан көрген көзі қарақты көрермен «Болмаған балалық шақты» енді ел кинотеатрларынан тамашаламақ.