21 там, 2019 сағат 14:31

«Болашақ» бойынша оқып келгендерге мүмкіндік беру керек - Назарбаев

«Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып келгендерге мүмкіндік беру керек. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында осылай деді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Болашақ» қауымдастығында үлкен әлеует бар. Қауымдастық қазіргі таңда 10 мың адамды біріктіріп отыр. Бәрін де бір кездері мемлекет оқуға жіберді. Ал қазір ата-аналар балаларын шетелде оқытуға одан ары құмар. Бүгінгі таңда Қазақстан сыртында біздің 60 мыңға тарта отандасымыз оқып жатыр. Тіпті, одан да көп болуы мүмкін. Ресейдің өзінде ғана – 16 мың. Олар келіп, жұмысын істейді. Олармен жұмысты жалғастыру керек», - деді Тұңғыш Президент.

Елбасы бір кездері «Болашақ» бойынша оқу бітіріп келгендер жаппай облыстарға тарап, еңбек еткенін еске алды.

«Олар аудан және облыс әкімдерінің орынбасары болды. Неліктен бұл жұмыс тоқтап қалды? Міне, мәселен, біз оқуға жібергендердің бірі – Алтай Көлгінов. Кезінде біз оны арнайы оқуға жібердік, ал бүгін ол қала басшылығында отыр. Осындай азаматтар көп. Бәрін не үшін дайындадық? Қазір отырып алып, орындықты бергіміз келмейді. Олардың жақсырақ жұмыс істейтінін көріп отырмыз. Әйтпесе, бір жерге тоқтап, дамымай қаламыз. Сол себепті, келесі жылдың көктемінде өтетін «Jas Otan» съезінде білімді жастарды жұмылдыруды талқылауды ұсынамын», - деді Елбасы.