28 қыр, 2022 сағат 18:40

Боксшы Болат Жұмаділовке пәтері қайтарылды


Белгілі спортшы, әуесқой бокстан әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Болат Жұмаділовке екі бөлмелі пәтері қайтарылды. Бұл туралы «Қазақстан спортшылар одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Азамат Қарлығашев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Спикердің айтуынша, бірнеше ай бұрын оған банк өкілдері хабарласып, спортшыны іздеп таба алмай жатқанын хабарлаған.

«Бокстан қазақтың жарық жұлдызы Болат Жұмаділов – біздің қоғамның құрметті мүшесі. Сондықтан банктен мән-жайды сұрағанда, ол банктегі қарызын қайтара алмай жүргені белгілі болды. Оның үстіне, сол кезде сот шешімі шығып, сот орындаушылары мен бағалаушылар келіп, пәтерін алып қоймақшы болған. Осы сын сағатта біздің Спортшылар одағы, спортшылар мен Олимпиада чемпиондары Болатқа көмек көрсетуге бел шештік. Біз «ForteBank» пен Ұлттық банк басшылығына хат жазып, аталған мәселені шешуге көмек көрсетуді сұрадық. Сондай-ақ олармен кездестік. Осыдан соң комиссия құрылып, қайта қаржыландыру, аресті алып тастау, басқа да шешімдер шықты. Аллаға шүкір, мәселеміз шешілді. Осы орайда Болаттай қазақ боксының жарық жұлдызын ескеріп, мәселесін түсініп, көмек көрсеткені үшін банктердің басшылығына алғыс айтамыз. Қазір Болат отбасымен Астанада, өзінің екі бөлмелі пәтерінде тұрып жатыр», - деді Азамат Қарлығашев.

Ол сондай-ақ Спортшылар одағы тарапынан спортшылардың басқа да мәселелері бойынша көмек көрсетіліп жатқанын атап өтті.

«Шыны керек, біз басқа да спортшыларға көмектесіп жүрміз. Мысалы, ауыр атлетикадан Азия чемпионы Айдар Қазовтың жоғарыда аталған мәселеге ұқсас проблемасын шешуге қол ұшын бердік. Ал қазір ауыр атлет, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Зүлфия Чиншанлоға көмектесіп жатырмыз. Жалпы, спортшыларымыз осындай мәселелерге тап болған кезде және олардың заң аясындағы жұмыстарды жақсы біле бермеуі себебінен оларға әрқашан көмекке келуге дайынбыз», - деді спикер.