20 нау, 2020 сағат 09:20

Блок-бекеттен өту үшін азаматтар куәлігін алып жүруге міндетті

Елордада карантин енгізілуіне байланысты құрылған блок-бекеттен өту үшін азаматтар міндетті түрде жеке куәлігін өзімен бірге алып жүруі керек. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Айдос Рысбаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу және жолын кесу бойынша шаралар қабылдауда. Елордалық полиция жеке құрамы жұмыс атқарудың ерекше тәртібіне ауыстырылды. Полиция департаменті 22 наурыз күні сағат 00-00-де елордаға кіретін және шығатын жолдардың жабылатынын ескертеді. Көлік кептелісі мен кезекте тұрмас үшін қала тұрғындары мен қонақтарына алдын ала тиісті шаралар қабылдауға кеңес береміз. Блок-бекеттегі полиция қызметкерлеріне көрсету үшін өздеріңізбен бірге міндетті түрде жеке куәлік және басқа да құжаттарыңызды алып жүруді ұсынамыз», - деді Айдос Рысбаев «Хабар 24» телеарнасының тікелей эфирінен. 

Оның атап өтуінше, Нұр-Сұлтан қаласының аумағы бойынша жақын маңдағы Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер, Қоянды кенттерін қоса алғанда барлық бағытта 7 бекет қойылды. Жүк автокөліктері үшін транзитттік жүру Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы айналма автожол бойынша қарастырылған. 

«Карантиннің бірінші күні тыныш өтті. Полиция қызметкерлері екі минуттың ішінде планшет көмегі арқылы электронды база бойынша тексеру жүргізді. Тексеру барысында шыдамдылық пен түсіністік танытқан автокөлік жүргізушілері мен жолаушыларға алғыс айтамыз. Енгізілген шаралар азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет»,- деді ол.