03 шіл, 2023 сағат 13:26

БҚО-да киіктен зардап шеккен аудандарда төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Фото: Shutterstock

Батыс Қазақстан облысында киіктен зардап шеккен оңтүстік аудандарда төтенше жағдай жариялануы мүмкін. Өйткені биылғы шөптің шығымы көңіл көншітпейді. Жаңа қылтиып келе жатқан көкті сәуірдегі салқындық буып тастаған, азын-шоғын шыққанын киік тапап кеткен. Енді шабындыққа шалғы салған шаруалар қысқы мал азығын қайдан дайындарын білмей дал, деп хабарлайды Хабар 24 телеарнасы.

Бөкей Ордасы ауданы Бөрлі ауылының тұрғыны Мырзабай Боранбаевтың құм Нарынның етегіне егін салғанына биыл 3 жыл. Мал тұяғы тоздырып, тек изен мен жусан қалған жерді электро-бақташымен қоршапты. Ішіне күздік қара бидай, арпамен қатар түйежоңышқа, эспарцет, судан шөбін егіпті. Осы алақандай жерден мыңдаған малға керекті жем-шөпті орып алам деген ойы болған. Алайда қаптаған киік тыным берер емес. Күні-түні мотоциклмен, машинамен бағып жүргеннің өзінде жабайы жануарлар ордан орғып, сымнан секіріп, егісті отап жатыр.

"Киік өте көп мәселе туғызып тұр. Кеше агрономдармен есептеп қарағанда, 15-тен берейін деп тұрған егінді киік таптап өткесін 5-тен алсақ жақсы деп отырмыз. Қатты зардабын шегіп жатырмыз. Біреу келіп шығыныңды өтемейді. Соған бір көмек қаржы бөле ме Үкімет, сондай үмітпен қараймыз. Бірақ ол қаншалықты шешілетін мәселе екенін білмейміз" - дейді шаруа қожалығының жетекшісі Мырзабай Боранбаев.

Қазір өңір шаруалары шабындыққа шалғы салды. Алайда шөптің шығымы нашар. Бөкейордалық механизатор Жасұлан Шәкіровтің айтуынша, қос трактормен таңнан кешке дейін шапқанда 15 рулон ғана түсіп тұр.

"Былтырғыдан да аз. Өнім жоқ, осы ғой. Бар жерді тырмалап жатырмыз. Өнім жоқ, өнім нашар. Мынау - былтыр шабылмай қалған жер, сонда түсіп жатқаны мынау" - дейді ол.

Казталов, Жәнібек аудандарында да жағдай мәз емес. Арнайы құрылған комиссия ауылдарды аралап, шабылған шөпті өлшеп, шығынды есептеп жатыр.

"Қазір 3-4 ауылда шөп жоқ. Осыған байланысты біздер қазір Үкіметтен шығындарын өтеуге, егер шөпті басқа аудандардан тасымалдайтын болсақ, соның тасымалдауына байланысты шығындарды өтеуін облыстық бюджеттен көмек ұсыныс ретінде сұрап жатырмыз" - дейді Жәнібек аудандық комиссияның мүшесі Бауыржан Сабанов.

Алайда киіктен келген шығынды өтеу тетіктері еш заңда жазылмаған. Бірқатар облыстардағыдай әр аналық басқа 30 мың теңгеден субсидия төлейін десе, оған облыстық бюджеттің мүмкіндігі шектеулі. Күні кеше Астанаға барған облыстық мәслихат депутаттары Ауылшаруашылық министрімен кездесіп, осы мәселені көтеріпті.

"Біздің көтерген мәселеміз - биылғы жағдайдан қалай шығамыз? Субсидиялауға қазіргі есебімізбен есептегенде 10 млрдтай ақша керек. Қыстан шығу үшін, мал азығын сатып алуға көмек ретінде 10 млрдтай ақша керек. Ол ақша облыста жоқ. Министрдің ұсынған жолдары киіктен залал келген аудандарда, ауылдарда төтенше жағдай жариялау. ТЖ арқылы тез болады деді, ұсынысы - сол" - дейді облыстық мәслихат депутаты Нұртай Жұмашев.

Оның сөзінше, мұның бәрі тығырықтан шығар уақытша жол.

Киік санын шұғыл түрде шектемесе, келешекте шабындық түгілі жайылым жер болмауы мүмкін. Ақбөкендер соңғы жылдары қала маңына дейін жетіп, астықты алқаптарға ауыз салған. Диқандар егін ексе, қып-қызыл шығынға батады, екпесе, пайдаланбаған жерді мемлекет қайтарып алады.

"Экология министрімен сөйлестік. Біздің айтып отырғанымыз - бүгінгі күні млн жарым киік болса, төлімен қосқанда 2 млн жарымға барып отыр. Ол келесі жылы 3 млн жарымға барады. Содан кейін 5 млнға барады. Сонда біз қалай жасаймыз? Онда біз батыста мүлде шаруаны қою керекпіз. Киік өсіру керек тек қана. Бірақ нақты жауап жоқ" - дейді Нұртай Жұмашев.

Қазір облыс басшылығы киіктен зардап шеккен шаруаларға көмектесудің жолдарын іздестіріп жатыр.

видео: Хабар 24 телеарнасы