Сурет: pixabay
Полиция БҚО-дағы Аралтөбе ауылының тұрғындарын атыс қаруымен жарақаттаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
ІІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 қыркүйекте Сырым ауданы Аралтөбе ауылында алкогольдік ішімдік ішкен, мас күйдегі шаруа қожалығының басшысы мен ауыл тұрғынының арасында жанжал туып, арты төбелеске ұласқан.
Сол сәтте қожалық басшысы өзінің Lexus автокөлігінен әйелінің атына тіркелген аңшы мылтығын алып, бірнеше рет жанындағы ер адамға қарай оқ атқан.
Ауыл тұрғынының сол жақ жанбасына және аяғына жарақат келтірілген. Сондай-ақ 59 жастағы әйел мен оның кішкентай немересі атыс қаруынан жарақаттанған.
Аса ауыр қылмыс жасағаннан кейін күдікті оқиға орнынан өз автокөлігімен бой тасалаған.
"Сол күні адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігіне, 99-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Полиция департаментімен "Тосқауыл" жедел-жоспары енгізілді және өңірдің барлық жеке құрамына бағдар берілді.
Нәтижесінде полиция қызметкерлерімен күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Қылмыс құралы тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына тіркелді" - делінген хабарламада.
Тергеу жалғасып жатыр, оның нәтижесі бойынша қосымша ақпарат беріледі.