18 ақп, 2020 сағат 13:18

"Біздің Қытаймен қарым-қатынасымыз керемет" - Тоқаев

Еуроодақтың халықаралық қатынас жөніндегі кеңес басшысы Ричард Натан Хаас Мюнхен конференциясында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан Қазақстанның Ресей мен Қытаймен арақатынасы туралы сұрады. Мемлекет басшысы бұл екі ел де Қазақстанның стратегиялық серіктесі екенін айтты.

"Біздің Қытаймен қарым-қатынасымыз керемет. Ортақ шекарамыз 1 700 шақырымды құрайды. Қытайдың Қазақстанда ғана емес, тұтас Орталық Азияда іс жүргізуге қаржылық мүмкіндігі бар. Короновирус шыққанға дейін солай болатын", - деді Тоқаев. Бұл туралы "Астана" телеарнасы хабарлады, деп жазады Sputnik агенттігі.

Сонымен қатар, Президент Қазақстан мен Орталық Азия үнемі жаһандық геосаясаттың басты назарында қала беретіндігіне сенім білдірді.

Тоқаевтың сөзінше, Ресей мен Қазақстан әлемдегі ең ұзын ортақ шекараға ие.

"Сондықтан, Ресей де біздің стратегиялық серіктесіміз", - деп мәлімдеді Мемлекет басшысы.

Тоқаев неміс бизнесмендеріне не айтты

Қазақстан Президенті Германияға сапары аясында немістің ірі бизнес өкілдерімен кездесіп, оларды Қазақстанға шақырды. Елімізде шетелдік кәсіпкерлер үшін арнайы салық режимі енгізіліп, инвестицияға қолайлы жағдай жасалып отыр.

"Қазіргі кезде Қазақстан үшін экономиканы диверсификациялау өте маңызды. Сондықтан біз әлемнің ақылды адамдары Қазақстанға келіп, экономикалық әлеуетті өсіруге көмектескенін қалаймыз", - деді Тоқаев.

Бүгінде Қазақстан мен Германия арасында өнеркәсіп, экономика және ғылым саласында 35 келісімшартқа қол қойылған.

Айта кетсек, соңғы үш айда Қасым-Жомарт Тоқаев Германияға ресми сапармен екінші рет барып отыр.