Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин қазір өзекті боп отқан майнинг өндірісінің елдегі энергетикалық жүйеге тиігізіп жатқан кері әсері туралы пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Соңғы уақытта ақпараттық кеңістікте майнинг мәселесі жиі талқыланып жатыр. Біздің энергожүйеге "сұр майнерлер" зардабы тиіп отыр. Қазір заңсыз майнингтің энергошығыны 1 гигаваттан (ГВт) асады екен. Бұл орайда қалыптасқан "сұр нарықтың" энергожүйеге түсіріп жатқан ауыртпалығы мен зиянын дәл бағамдау оңай емес», - дейді министр.
Сонымен қатар ол майнинг өндірісінен салық алыну керек деген ұстанымды қолдайтынын айтады.
«Бастысы, бұл кәсіпке де салық салынуы тиіс. "Сұр майнинг" - бұл экономикалық қылмыс, салық төлеуден жалтару! Ал қылмыс жасағандар жауапқа тартылуы тиіс. Егер сіздерде "сұр майнерлердің" локациясы туралы ақпарат болса, мына электрондық мекенжайларға хабарлама жіберулеріңізді (жасырын түрде хабарлауға болады) сұраймыз:
b.galimzhan@mdai.gov.kz
e.smailov@mdai.gov.kz
a.ibraev@mdai.gov.kz
Көрсетілген локациялар бойынша тексерулер жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданады. Сондай-ақ көлеңкелі тұстан шығып, заңды майнерге айналуды қалаған кісілерге әріптестерім кәсіби кеңес бере алады», - деп жазады Мусин.