Фото: Sputnik/Тимур Батыршин
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева имамның намаз кезінде кішкентай баланы қолымен қағып жібергеніне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
"Бұл кешіруге болмайтын қатыгез әрекет 24 сәуір күні орын алған. Видео тек қазір ғана пайда болып, бұл адамға қатысты қылмыстық іс тіркелді.
Осы жағдайға қатысты Бас мүфти Наурызбай қажымен сөйлестім, қатыгездік танытқан адам бүгін жұмыстан босатылды.
Оның имам екеніне келер болсақ, негізі Исламда әйелдерге, балаларға құрметпен қарау және қамқор болуға қатысты көптеген хадис пен аяттар бар. Мысалы, Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) «оның немересі намаз кезінде оның басына отырған кезде, сәждеден басын көтермеген».
Жалпы, маған ІІМ-нен республика бойынша түрлі зорлық-зомбылық фактілеріне қатысты деректер жинақтамасы күнделікті келіп тұрады. Бірақ тіркелген фактілерге қатысты ақпарат қана. Ал жазасыз қалып жатқан фактілер қаншама, олар кейін көп жағдайда қайғылы салдарларға әкеледі" - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
Зәкиеваның сөзінше, біздің әрқайсымыз балалар қорғаушысы болуымыз керек.
"Егер сіз бала қауіпте екенін немесе оның зорлық-зомбылыққа ұшырағанын білсеңіз, уәкілетті органдарға және келесі айдың ортасында жұмыс істей бастайтын 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы/сенім телефонына (ақпарат міндетті түрде барлық ақпарат көздерінде, мектептерде орналастырылады) хабарласыңыз.
Қатыгездік пен зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін біз осылай ғана қалыптастыра аламыз" - дейді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.