25 там, 2022 сағат 17:55

Биылғы Жолдауды жүзеге асыру мақсатында Мәжіліске бірнеше заң жобасы енгізілді


Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген мәселелерге қатысты Парламентке 5 заң жобасы енгізілді. Бұл туралы бүгін ҚР Әділет министрі Қанат Мусин елордада халықпен кездесу кезінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, Әділет министрлігі Конституцияға қабылданған түзетулерді, сондай-ақ Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында Парламент Мәжілісіне 5 заң жобасын енгізді. 

Осы орайда Парламентте «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң жобасы, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заң жобасы, «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заң жобасы қаралатын болады. 

Сонымен қатар биыл күзде Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы, «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланады. 

Ведомство мәліметінще, заң жобалары ашық НҚА интернет-порталында жария талқылаудан өтіп, жұртшылықтың және сарапшылардың ұсыныстары мен ескертулеріне сәйкес пысықталды.

Министрдің халықпен кездесуінде Президенттің мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлығын жүзеге асыру мақсатында біраз тәсілдер әзірленгені айтылды. Оның ішінде Үкіметке дағдарыс жағдайларында заң күші бар уақытша актілерді қабылдау құзыретін беру, сондай-ақ мерзімдер мен кезеңдерді екі есе қысқарта отырып, норма түзушілік процесін оңтайландыру қарастырылды.