2017 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің 8 600 салымшысы «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында баспаналы болды.
Аталған бағдарлама аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша 8 672 пәтерден тұратын 145 пәтер пайдалануға берілген. Жақын арада 4 879 пәтерден тұратын тағы 53 нысанда қоныс тойы өтеді деп жоспарлануда. 1 шаршы метрдің бағасы аймақтарда 140 000, ал Астана, Алматы, Атырау және Ақтау қалаларында 180 000 теңгеге дейін. Елдегі әр ірі қалада дерлік жаңа баспанаға қол жеткізгендер бар. Сан жағынан алғашқы үштік келесідей: Оңтүстік Қазақстан облысында 1630, Қостанай облысында 1260 және Маңғыстау облысында 1068 пәтер пайдалануға берілді.
Жаңа жыл алдында баспаналы болған бақытты жандардың бірі – Орал қаласының тұрғыны Гүлмира Мұқашева. Ол Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі алғашқы депозитін 2011 жылы ашқан екен.
- Ай сайын кемінде 7 000 теңге салып, банктегі шотымды тұрақты түрде толықтырып отырдым. Біраз ақша жиналып, үй алу туралы ойлана бастағанда баспана құрылысына несие алуға болатынын білдім. Отбасым үлкен, әке-шешем, мен, екі бауырым бар. Барлығымыз бас қосатын үлкен үйіміздің болғаны үлкен арманым еді. Сондықтан Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен заем алып, құрылысты бастап кеттік. Қабырғасын көтеріп, шатырын жаптық, бір жылдан кейін ішін әрледік, - дейді Гүлмира.
Үй салуға арналған несие мақұлданған соң ол тағы бір депозит ашып, ақша жинауды ары қарай жалғастырады. Бір жарым жылдан кейін пәтер сатып алушылар пулына өтінім қабылдау жарияланады. Гүлмира Мұқашева 1 бөлмелі пәтерге өтініш береді.
- Байқаудан өткен кездегі таң қалғанымды көрсеңіз! Шарт бойынша алғашқы жарна ретінде үй бағасының 30%-на тең қаражат жинауым керек еді. Бұл – «Нұрлы жер» бағдарламасының талабы. Қазір қажет соманың басын құрадым, төлем қабілеттілігін растадым, барлық құжатты жинап, әне-міне жаңа үйге кіремін деп отырмын. Жаңа жылда жеке пәтерім болады, - деп қуанып отыр банк салымшысы.
«Нұрлы жер» бағдарламасының «Жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру» атты пилоттық жобасының аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша 2018 жылы 414 коттедж пайдалаунға беріледі. Ең бірінші болып Қостанай облысындағы банктің 12 салымшысы қоныс тойын тойлады. Олардың барлығы да жергілікті әкімдікте жер телімін алуға кезекте тұрған еді. Кезектері келген кезде мемлекет бұл салымшыларға 10 сотық жерді тегін берді, ал сол жерге салынған дайын үйді сатты. «Нұрлы жер» бағдарламасының шарты бойынша 1 шаршы метрдің бағасы 120 мың теңгеден аспайды. Жер телімінен үміткерде коттеджді өз есебінен сатып алатын мүмкіндік болмаған жағдайда ол жылдық мөлшерлемесі 5% болатын жеңілдетілген займды Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен ала алды. Ең бастысы шотқа үй бағасының 30%-на тең алғашқы жарна жинау керек болды.
Келесі жылы Алматы облысында 48 коттедж, Жамбыл облысында 100, Солтүстік Қазақстан облысында 72, ал Ақтөбе облысында 194 үй пайдалануға беріледі.
«Нұрлы жер» бағдарламасының аясында салынып жатқан барлық нысандар туралы baspana.kz порталынан білуге болады.