2021 жылы халыққа медициналық көмек көрсетуге 1,8 трлн теңге бағытталады. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Болат Төкежанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2021 жылға арналған сатып алу жоспары бойынша халыққа медициналық көмек көрсетуге – 1,8 трлн теңге, оның ішінде тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне – 1,1 трлн теңге, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 700 млрд теңге қарастырылған», - деді Болат Төкежанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.
Бұл қаражатты қор 1 363 медициналық мекеменің көмегімен игермекші.
«1 сәуірдегі жағдай бойынша, 1,46 трлн теңге сомасына 1 363 медициналық қызмет жеткізушімен шарт жасалды. Халыққа медициналық қызмет көрсету үшін тартылатын жекеменшік жеткізушілердің өсу үрдісі сақталуда. Егер өткен жылы Қормен 635 жеке жеткізуші жұмыс істесе, биыл олардың саны 688 дейін өсті», - деді қордың басқарма төрағасы.
Оның айтуынша, өңірлер арасында жекеменшік жеткізушілердің ең жоғары үлесі Шымкент, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына тиесілі. Ал ауылды елді мекендерде медициналық қызметтің сапасын жылжымалы медициналық кешендерді көбейту арқылы көтеру көзделіп отыр.
«Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін өткен жылы 100 жылжымалы медициналық кешен сатып алынды, биылғы жылы барлық ауыл тұрғындарына 149 ЖМК қызмет көрсетеді, олардың ішінде бейінді мамандардың консультацияларын алуға, скринингтерді қоса алғанда, диагностикадан өтуге, зертханалық талдаулар тапсыруға, вакцинация жасауға, ауруханаға жатқызуға жолдама алуға және медициналық көмектің бірқатар басқа да түрлерін алуға болады. Бірінші тоқсанда «жылжымалы емханалар» деп аталатын мобильді медициналық кешендер арқылы ауыл тұрғындарына 231,9 млн теңгеге 120 мың медициналық қызмет көрсетілді», - деді Болат Төкежанов.