06 там, 2024 сағат 15:28

Биыл мектептерде алғашқы қоңырау қай күні соғылады?

Фото: kp.ru

Биыл 1 қыркүйек жексенбіге сәйкес келіп тұр. Сонда да алғашқы қоңырау салтанатты шарасы дәстүрге сай 1 қыркүйекте өтеді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз жиынында айтты.

Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз жиынында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген Оқу-ағарту министрі биыл алғашқы қоңырау қай күні өтетінін мәлім етті.

"1 қыркүйек – символикалық мәні бар күн. Сол үшін алғашқы қоңырау салтанаты жексенбі болса да, 1 қыркүйекте өтеді. Бұған дейінгі барлық уақытта салтанатты жиын дәл осы күні өткен. Биыл да ештеңе өзгермейді", - деді министр.


Сондай-ақ журналистер 1 қыркүйекті ата-аналар баласының қасында болуы үшін күнтізбеде мерекелік күн етіп белгілеуге қатысты сұрады.

"Біз мұндай идеяны ұсынып көреміз. Негізі жақсы идея екен",- деді Ғани Бейсембаев.