17 ақп, 2020 сағат 09:30

Биыл қызметкерлерді сертификаттаудың жаңа жүйесі сынақтан өтеді

2020 жылы Қазақстанда қызметкерлерді сертификаттаудың жаңа жүйесі сынақтан өтеді.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Біржан Нұрымбетов айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Біржан Нұрымбетовтің айтуынша, Үкімет пен Еңбек министрлігі Ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді. Оның негізгі элементтері қазірдің өзінде қалыптастырылды. Дүниежүзілік банктің қаржылай қолдауымен 2019 жылы 2784 мамандық бойынша 480 кәсіптік стандарт бекітілді. Кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламалары жаңартылатын болады. Әлеуметтік және еңбек саласын, оның ішінде Ұлттық біліктілік жүйесін одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу үшін Ұлттық кеңес құрылды.

«2020 жылы жаңа сертификаттау және қызметкерлердің біліктілігін тану жүйесін ілкі сынақтан өткізу жоспарланған. Ел Президентінің сайлау алдындағы бағдарламасының міндеттерін іске асыру үшін еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы әзірленетін болады. Атлас 9 басым сала бойынша жаңа, өзгермелі және талап етілмейтін кәсіптерді біріктіреді», – деді Біржан Нұрымбетов.

Айта кетерлігі, басым салаларға мұнай-газ, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, құрылыс, тау-кен металлургиясы жатады.