Биыл колледждерде кадр дайындау мемлекеттік тапсырысы 20 мың орынға дейін ұлғайтылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жастар бірінші мамандығын тегін алуы үшін осы жылы колледждерде кадр дайындау мемлекеттік тапсырысын 20 мың орынға дейін ұлғайтуды қамтамасыз ету керек. Облыс әкімдері 9 және 11 сынып оқушыларын алдын ала кәсіби бағдарлау бойынша жұмыс жүргізсін», - деді Үкімет басшысы.
Асқар Мамин Білім және ғылым министрлігіне 20 ең мықты жоғары оқу орнын іріктеп, 25 наурызға дейін олардың тізімін жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеті жөніндегі кеңесте қарау үшін Үкіметке енгізуді тапсырды.
«Білім беру жүйесін кешенді жаңғырту бәсекеге қабілетті экономиканың негізгі факторы болатын сапалы адами капитал қалыптастыру үшін қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деді Премьер-Министр.