«Халықаралық қатынастардың қазіргі заманғы жүйесіндегі Қазақстан Республикасы» атты халықаралық конференция барысында ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді биыл елімізде өтетін халықаралық іс-шараларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл қазақ дипломатиясы үшін халықаралық оқиғалар өте көп. Қыркүйек айында Қазақстан елордамызда 2003 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 7-съезін қабылдауға дайындалуда. Қазақстан толеранттылық, өзара түсіністік және мәдени әртүрлілік идеологиясын насихаттау өшпенділік пен кемсітушілікке қарсы күрестің кілті екеніне сенімді. Бүгінде Қазақстан бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан 18 конфессия мен 100-ден астам этнос өкілдерін біріктіретін 3800-ден астам діни бірлестіктер үшін қауіпсіз және жайлы мекен болып саналады», - деді министр.
Оның дерегінше, қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін, қазақстандық бастаманың 30 жылдығына орайластырылған Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің 6-шы саммитіне дайындық жүріп жатыр.
«Қазақстанның АӨСШК-ге қазіргі төрағалығы аясында АӨСШК-ті халықаралық ұйымға айналдыруды бастау басты басымдық болып саналады. Қазақстанның 2022-2024 жылдарға БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне сайлануы біздің мемлекеттің ұлттық және халықаралық деңгейде адамның негізгі құқықтары мен бостандықтарын ілгерілету жөніндегі міндеттемесін растайды. Еліміз БҰҰ-ның адам құқықтарын қорғау саласындағы барлық іргелі құжаттары мен конвенцияларына қосылды. Адам құқықтары саласындағы ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкестендіру бойынша жұмыс тұрақты негізде жүргізілуде», - деді Мұхтар Тілеуберді.