Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов және ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев елорданың аз қамтылған және көпбалалы отбасыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аз қамтылған және көп балалы отбасыларды толғандыратын басты мәселелердің бірі - тұрғын үй. Бүгінде бас қалада 45 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр, оның 20 мыңы аз қамтылған, көпбалалы және мүгедек мүшесі бар отбасылар. Ал, 22 мыңы мемлекеттік және бюджет қызметкерлері. Қазіргі уақытта осы тізімдегілердің 188-іне пәтер берілді, жалпы жоспар бойынша биыл 781 пәтер берілуі тиіс, бірақ бұдан бөлек жыл соңына дейін әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасыларға қосымша қаржыландыру есебінен тағы 1 800-1 900 пәтер беріледі», - деді Бақыт Сұлтанов.
Қала басшысының айтуынша, аталған мақсатқа бюджеттен 1,3 трлн теңге қажет.
«Тұрғын үйден бөлек бүгінде бюджеттен 8 млрд теңге қаржы бөлініп, ол 13 түрлі әлеуметтік шараларға жұмсалуда. Мысалы, мүгедектер мен олардың асыраушыларының қоғамдық көліктерде тегін жүруі енгізілуде, одан бөлек көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 1-11 сынып оқушылары осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап мектепте тегін ыстық тамақпен қамтылады. Бізде бұған дейін тек қана бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Сол сияқты аталған санатқа жататын отбасының балаларына жазғы уақытта демалыс ұйымдастырылады. Атап айтқанда, осы жазда елорданың 10 мың бүлдіршініне жазғы демалыс орындарына жолдама беріледі, бұл мақсатта 500 млн теңге қаржы бөлу қарастырылуда», - деді ол.
Сондай-ақ, Б.Сұлтанов аз қамтылған және көп балалы отбасыдан шыққан оқушыларды мектеп формасымен қамтамасыз ету мақсатында бюджеттен 638 млн теңге және осы санатқа жататын отбасыдан шыққан бүлдіршіндерді балабақшамен қамту мақсатында 513 млн теңге қаржы бөлінетінін айтып өтті.