Биыл таулы аймақтарда тасқын қаупі ұзақ сақталуы мүмкін. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов «Қазгидромет» мәліметтеріне сүйене отырып осындай болжам айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазгидрометтің» мәліметі бойынша, Қызылорда, Атырау, Маңғыстау облыстарында қар толығымен еріп кетті. Сондай-ақ, Түркістан, Жамбыл, Алматы облыстарының жазық жерлерінде түгелдей еріді. Алайда, жазық өңірлерде тасқын қаупі тек көктемде туындаса, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Түркістан облыстарының таулы бөліктерінде тасқын қаупі қар еріген кезде және қатты жауын болған кезде күшейеді», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, биыл көктемнің алғашқы күндері суық боуына байланысты Қарағанды, Ақмола, СҚО, Қостанай, БҚО, Ақтөбе өңірлерінде қар әлі еріп бітпеген.
«Бір сөзбен айтқанда, «Қазгидрометтің» мәлімет бойынша биыл 2015, 2017 жылдардағыдай тасқын қаупі жоқ. Бірақ температураның күрт артып, жауын-шашынның жиілеуі Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Алматы, Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарында ішінара су басу көріністері болуы мүмкін», - деді Серік Қожаниязов.