Биыл «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң әзірлеуіміз керек. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысында ведомство басшысы Алексей Цой айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Төтенше жағдай кезінде заманауи қорғаныс құралдарын енгізу және олардың терроризмге қарсы тұрақтылығын арттыру арқылы биологиялық қорғайтын жүйелерді жетілдіру қажет болды. Осыған байланысты 2021 жылы «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң әзірлеуіміз керек», - деді Денсаулық сақтау министрі.
Оның айтуынша, аталған заңды жүзеге асыру аясында бақылау жүйесін жетілдіру үшін 38 нормативтік-құқықтық актіге халықтың денсаулық жай-күйін бағалау, сараптама жасау және болжау жүйелерін дамыту, сын-тегеуіріндерге қарсы әрекет ету бөлігінде түзетулер енгізіледі.
«Еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында санитарлық-гигиеналық бейіндегі факультеттер қайта қалыпына келтірілді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің кадрлық әлеуетін арттыру үшін қайта дайындау және біліктілік арттыру жүйесі жетңілдіріледі. Қызметті цифрландыру 2025 жылы аяқталады», - деді Алексей Цой.
Министрдің сөзіне қарағанда, 2022-2024 жылдары аралығында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің инфрақұрылымын жаңғырту үшін комитеттің аудандық бөлімшелерінің 54 ғимараты жөнделеді. Ұлттық сараптама орталығының 27 ғимаратына жөндеу жүргізіліп, 3 зертхананың жаңа ғимараты салынады. Комитеттің аумақтық бөлімшелері үшін 64 автокөлік сатып алынады.